Қазақстан мен Доминикан Республикасы мәдени тәжірибе алмасуға келісті

7 Маусым, 2017 09:35
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов екіжақты қарым-қатынастар тарихында Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген Доминикан Республикасы Сыртқы істер министрі Мигель Варгаспен кездесті.

Мәдениет министрлігі хабарлағандай,  кездесу барысында тараптар туристік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Екі тарап та аталған салалардағы байланыстарды нығайтуға және дамытуға қызығушылық танытты. Кездесу қортындысы бойынша Асқар Баталов және Мигель Варгас мәдениет және туризм салаларындағы екі ел қарым-қатынасы туралы меморандумдарға қол қойды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Доминикан Республикасы Мәдениет миниcтрлігі арасындағы мәдениет саласындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумда екіжақты қатынастарды қолдауда мәдени диалогтің айрықша маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар мәдени іс-шаралар мен сарапшыларды алмастыру арқылы екі елдің өнерін және мәдени қорларын жақсырақ түсінуіне және білімін тереңдетуге ықпал ететіндігін атап өтті.Тараптар мәдени мұра саласындағы құқықтық база мен заманауи тәжірибе туралы ақпарат алмасуға және мәдени құндылықтардың заңсыз айналымынан қорғауға байланысты мәселелерде бір-бірін қолдауға дайын.

«Тараптар екі елдің қайсыбірінде өткізілетін семинарлар, іс-шаралар, конкурстар, көрмелер, конференциялар, симпозиумдар және кез келген басқа да мәдени іс-шараларға қатысуға және бірлескен мәдени ынтымақтастыққа ықпал етуге уағдаласты. Екі ел ведомствасы құндылықтарға қатынауға мүмкіндік жасау мақсатында өздерінің мәдени мекемелерінің арасындағы ынтымақтастықты қолдайды және дамытады», - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Доминикан Республикасы Туризм және табиғи ресурстар министрлігі туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоя отырып, туристік саладағы қазіргі уақытта бар қатынастарды өз экономикаларын нығайту және өздерінің тиісті ұлттық мәдениетін тануды өзара кеңейту құралы ретінде дамытуға және кеңейтуге айырықша назар аударды. Тараптар туристік сала кәсіпкерлігі пен инвестицияны дамытуды қолдауға ниетті. Сондай-ақ, екі ел үшін туристерге арналған қонақ үй объектілерін бақылау және сыныптау, қаржыландыру және шағын және орта бизнесті дамыту салаларында тәжірибемен алмасу көкейкесті.

«Біздің елдер қонақ үй шаруашылығы және тамақтандыру секторының қызметкерлерін кәсіби оқыту саласында өзара сарапшылық тәжірибені пайдалануға дайын. Біз біздің елдерімізде өтетін мәдениет және туризм, алдағы туристік іс-шаралар туралы ақпаратмен алмасатын боламыз» - деп атап өтті Асқар Баталов.

Кездесу ҚР Ұлттық музейінде өтті, кездесуден кейін делегация өкілдеріне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Барлық жаңалықтар