• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қарағандыда мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың бағасы теңестірілді

Қарағандыда мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың бағасы теңестірілді

7 Маусым, 2017 09:51
Қарағандыда енді мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың бағасы бірдей. Ол мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайту арқылы мүкін болып отыр.

Қарағанды облысының әкімдігі хабарлағандай, бір бала үшін мемлекет 26000 теңге төлеп отыратын болады. Осылайша, ата-аналарға тек оның айырмашылығын, 11000 теңгені төлеп отыру керек болады. Айта кету керек, осыған дейін мемлекеттік тапсырыс сомасы 17 000 теңге болатын. 

"Біз бұл мәселені бұрыннан бері қарастырып келеміз. Енді міне, бірінші маусымнан бастап, жеке меншік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайтып отырмыз. Ол үшін біздің депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері дауыс берді", - деді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Осындай шаралардың көмегімен қала әкімдігі 2018 жылдың соңына дейін үш жастан алты жасқа дейінгі барлық балаларды балабақшаға орналастыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Қарағандыда мектепке дейінгі мекемелерге кезекте 6200 бала тұр. 

"Мемлекеттік бюджет үшін мемлекеттік тапсырысты жаңа балабақша құрылысына жұмсағанша жеке меншік балабақшаларға бағыттаған анағұрлым тиімдірек, - деді Нұрлан Әубәкіров. – 300 орындық жаңа балабақша салу үшін кем дегенде 800 миллион теңге қажет. Ал мыңнан аса баланы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке меншік мектепке дейінгі мекемеге орналастыруға 500 миллионан аса қаржы керек. Үнемділік бірден көзге түседі", - деді Н.Әубәкіров.

Естеріңізге сала кетейік, жеке меншік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың сомасы бір балаға 26000 теңгені құрайды. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. 

Қарағандыда барлығы 41 мемлекеттік және 32 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. Соңғыларының 25-і мемлекеттік тапсырыс қабылдайды.

Барлық жаңалықтар