Статистика комитетінің жұмысына «Жаңғырту 3.0» элементтері енгізілуде

5 Маусым, 2017 18:18
ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа жоғары технологиялық салаларды дамытумен, сондай-ақ инновацияларды қолданумен байланысты мемлекеттік статистика мен есепті жетілдіру бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Руслан Дәленов хабарлады.

Қазақстанда цифрлық технологиялар мен Интернетті қолдану арқылы құрылатын экономикалық қатынастар көбейіп келеді. Мысалға, қазақстандықтардың арасында ұялы байланыс пайдаланушыларының саны 97%-ға, Интернет пайдаланушыларының саны – 77%-ға жетті.

«Интернет арқылы жасалатын сатылымдар көбейіп келеді, онлайн-фильмдер көретін, электронды кітаптар оқитын, смартфондарына түрлі қосымшалар жүктейтін адамдар қатары артты», – деді Руслан Дәленов.

Цифрлық экономика, оның айтуынша, статистика бойынша жұмысты да қамтитын жаһандық үрдіс болды. Есептер әдістемесі халықаралық заманауи іс-тәжірибе негізінде жетілдіріледі, ал Статистика комитетінің сайтында жаңа бөлімдер ашылады.

Рrimeminister.kz хабарлағандай, түсіндіру жұмысы үшін көрсеткіштер қалай есептелетіні туралы мысалдар жарияланады.

Бұдан өзге, Статистика комитетінің сайтында жаңа бөлімдер ашылады, мысалы, халық санын есептеуші арқылы бірнеше секунд ішінде Қазақстан азаматтарының саны қалай өзгергенін білуге болады.