БАҚ үшін рухани жаңғыру бағдарламасының медиа-тұжырымдамасы әзірленді

5 Маусым, 2017 14:57
Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ақпараттық ілгерілету ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде ақпараттық интернет-кеңістіктерде осы тақырыпта 8 мыңнан астам материал шықты. Бұл туралы Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру» атты семинар-тренинг барысында ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев мәлім етті.

Вице-министрдің хабарлауынша, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру үшін желілік медиа-жоспар әзірленді, 6 республикалық телеарнаны, 20 газет пен 25 интернет-порталды қамтитын БАҚ бойынша өзара іс-қимыл реттелді.

«Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістікте осы тақырып бойынша 8 мыңнан астам материал шықты. Телеарналар эфирінде графикалық және қойылымдық роликтердің, көптеген танымал бағдарламалар аясында бағдарламааралық сюжеттер көрсетілімі ұйымдастырылды. Радиоарналарда 30 аудио-ролик айналымы қамтамасыз етілді. Ақпараттық-талдау бағдарламалары аясында баспа БАҚ беттерінде арнайы айдарлар ашылды. Бұдан бөлек, интернет-кеңістікте, атап айтқанда inform.kz, Bnews, Zakon, Strategy2050, Qamshy, Abai.kz сайттарында мақаланы ілгерілету бойынша күнделікті жүйелі жұмыс жүргізілуде», - деп атап өтті А. Әжібаев.

Сонымен қатар, министрлік 2017-2019 жылдарға арналған ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізуді жоспарлаған, олардың аясында рухани жаңғыру бағдарламасының бірыңғай медиа-тұжырымдамасы әзірленді. Бірыңғай тұжырымдамада бірқатар шаралар мен жұмыстар кешенін іске асыру көзделеді.

«2017 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында  деректі фильмдердің 2 циклі, сондай-ақ 2 нысаналы теле-радио бағдарлама әзірленеді. 2018 жылы 8 арнайы теле-радио бағдарлама шығару жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биыл министрлік сериал сюжеттері арқылы жаңғыру бағдарламасын идеялық ілгерілету жұмысын бастайтын болады», - деп нақтылады вице-министр. 

Сондай-ақ, биыл бірыңғай мамандандырылған веб-сайт құру жоспарлануда, оның аясында жекелеген тұғырнамалар әзірленетін болады. 2017-2019 жылдары желілік қоғамдастықтарды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізу, флэш-ойындар құру, сондай-ақ интернет-байқау өткізу жоспарлануда.

«Туған жер» жобасы бойынша министрлік белсенді жұмыстар жүргізуде: республикалық телеарналарда «Туған жер» бағдарламасын, сондай-ақ Қазақстанның киелі жерлері, барлық өңірлердегі қазақстандық отбасылардың салт-дәстүрлері туралы бағдарламалар жүргізу жоспарланып отыр. Республикалық газеттерде «Туған жер» айдарлары ашылады.  Іnform.kz жаңалықтар порталы, E-history тарихи порталы және El.kz мәдени-ойын-сауық ресурсы ақпараттық қолдау көрсетеді», - деп қосты ол.

А.Әжібаев атап өткендей, осы ақпараттық жұмыстар «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың тұжырымдамалық тәсілдері аясында әзірленген «Ақпарат толқыны» бағдарламасына сәйкес іске асырылмақ. Сонымен қатар, жұмыстар өңірлік деңгейде де белсенді жүргізілетін болады.  

 Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар