• Басты
  • ЭКСПО-ға 8 күн қалды: Павильондар қаншалықты дайын (ШОЛУ)
2 Маусым, 2017 20:43

ЭКСПО-ға 8 күн қалды: Павильондар қаншалықты дайын (ШОЛУ)

115 ел мен 21 халықаралық ұйым қатысатын Қазақстан тарихындағы ең ірі шаралардың бірі ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл маңызды шараға ел болып дайындық жүргізілуде. Астана халықаралық астанаға айналып, қарқынды дайындықтың соңғы жұмыстарын аяқтауға жақын. Шараға дайындық туралы Strategy2050.kz. АА тілшісі дайындаған шолудан біле аласыздар.
ЭКСПО-ға 8 күн қалды: Павильондар қаншалықты дайын (ШОЛУ)

Француз павильонының ауданы - 1084 м2, бұл EXPO-2017 көрмесіндегі ең үлкен павильондардың бірі.Әр уақыттарда мұнда, Францияның ірі компанияларының, стартаптарының және мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, сонымен қатар Францияны энергетика саласындағы алып державаға айналдыруға ат салысып жүрген ғалымдар болады. Қоршаған орта мен энергоресурстарды орынды пайдалану жөніндегі агенттік (ADEME), Iter жобасы, Peugeot автокөлік компаниясы, Saint-Gobain, Syctom, Total, Veolia, Vicat компаниялары сияқты француздық танымал компаниялар павильонның серіктесі болды. Олардың мақсаты – энергия тұтынудың үнемді үлгілерін қолдану қажеттілігіне әлем халқының назарын аудару және климаттың өзгеру үрдісін баяулатуға қабілетті шешімдерді ұсыну. Бұл - қазіргі буын мен болашақ ұрпақ алдында бірінші кезекте тұрған мәселелер.

Сондай-ақ, Германия барлық қатысушы елдердің ішінде ең ірі павильонды таныстырады.Тиімділік, сақтау, климатты қорғау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясаты Германия үшін 20 жыл бойы маңызды мәселе болып келеді. Павильонның «Болашақ картасы» залында үлкен карта қойылады, онда жаңартылатын энергия көздерін алудың негізгі жолдары көрсетілетін болады.Германия павильонының «Болашақ қаласы» екінші залы адамның өмір сүру ортасына арналады.Мұнда құрылыс, көлік салаларының өнімі мен жүйесі, «ақылды үй» үшін технологиялар, электрмобиль мен мотоциклдардың жаңа үлгілері қойылады. «Энергетикалық шоу» лазерлік қойылымы көрменің ең жарқын бөлігі болады.Айта кетерлік жайт, неміс көрмесі бір сағатта  400 адамды қабылдай алады.

Швейцария да ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады. Швейцария павильоны келушілерге болашақ энергиясы саласындағы швейцарлық инновациялық шешімдерді паш етпек. Ең бастысы, швейцарлық павильонда ғылыми хаб орналасады. Оның мақсаты қазақстандық және швейцариялық ғалымдар, зерттеушілер мен кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасып, жинақталған біліммен бөлісуге жәрдемдесу болмақ.

Сондай-ақ, Нидерланды корольдiгi павильонында  энергетика, жасыл энергия, ауыл шаруашылығы, экология мен сандық технология саласындағы жаңа еңбектерiн әкелiп, голографиялық шоу мен инновациялық конкурс ұйымдастырылады.Бүкiл әлемде күн энергиясы саласындағы барлық энергетикалық шешiмдердiң жартысы голландтық технологияны пайдаланады. Бұл чип, құрал-жабдық, компьютерлiк бағдарлама немесе қандай да бiр инновациялық компонент болсын, олардың барлығы Нидерланды корольдiгiнен шыққан деп айта аламыз. Егер сiз Амстердамға барып, Схипхол әуежайына қонған болсаңыз, Солтүстiк теңiзде орналасқан үлкен жел паркiн көрген боларсыз. Ол жел энергиясын өндiредi. Нидерланды мемлекетi жекеменшiк саламен бiрiгiп, көп қаржы мен инвестицияны жел энергиясы өндiрiсiне бағыттау туралы шешiм қабылдады. Нәтижесiнде, Солтүстiк теңiздегi жел паркi 2020 жылға қарай 6 мың мегаватт немесе елдiң энергия сұранысының 15% өндiруге мүмкiндiк бермек.

Монако Князьдығы Астанадағы ЭКСПО-2017 павильонымен таныстырды. Монако павильонының тақырыбы – «Болашақтың бейнесі». Бұл тақырып Монаконың Жерорта теңізіндегі бейнесін және Адам мен Табиғат арасындағы образдық қарым-қатынасты ашады. Монако павильонының тұжырымдамасы 2005 жылғы 12 шілдеде таққа отыру кезінде ханзада Альберт ІІ дәйексөзімен шабыттандырылған. Сондай-ақ, павильонды жоспарлау және әзірлеу кезеңі 2 жылға созылып, оның құрылысына 3 млн еуро бөлінгені белгілі болды.Екі қабатты павильонның жалпы ауданы 750 ш. м құрайды және қазіргі уақытта оның құрылысы 65% аяқталған. Спикер айтып өткендей, павильонды дайын күйінде тапсыру 30 мамырға жоспарланған.

Ал, Италия павильоны зерттеушілері мен атақты  ойшылдарын көруге мүмкіндік береді.  Ең басты алаң - Леонардо да Винчи, одан әрі Алессандро Вольта, Энрико Ферми и Антонио Пачинотти. Аталмыш  бағыт  төрт павильонды басып өтеді,  аралау барысын  визуалды-аудио контент сүйемелдейді.

Сондай-ақ, Астанадағы көрмеде өздерінің ғылыми жетістіктерін Италияның 15 өңірі көрсетеді.

Бір залдан екінші залға өту арқылы Италияның тарихы мен болашағынан хабардар болуға  мүмкіндік бар.Павильонның бас сәулетшісі Паоло Дезидери айтып өткендей,  павильон 4 негізгі зал  мен бір-бірімен байланысқан залдардан тұрады.

Дизайнер ретінде Паоло Дезидери  Италияның тарихи қалаларын таңдаған.

Павильонда тарихи қалалар қабырғаның көмегімен сөйлейтін болады. Біздің бағытымыз  қайта жандану кезеңінен болашақтың энергиясына дейінгі уақытты қамтиды. Барлық тарихи сәт баяндалады. Бұл әсерді толық алу үшін біз визуалды контент сулетшісі Станислао Кантоно ди Чеваны шақырылды. Айта кетейік, Италияның экономикалық  даму министрлігі аталмыш елдің павильонын құруға  3 млн евро бөлді.

Алаңның иелері Қазақстан өз павильонында 4 экспозицияны таныстырады. Қазақстан павильонының  танысытырылымында Елбасы да болды. Елбасы көрменің басты нысаны болып табылатын «Нұр Әлем» павильонын аралады. Бұл – диаметрі 80 метр шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат.

Павильонда «Болашақтың энергиясы музейі» орналасады, онда Қазақстанмен танысу аймағы болады, сондай-ақ энергияның негізгі түрлері ұсынылады.

Қазақстан Президентіне «Болашақ Астана – Қазақстанның 2050 жылғы елордасы» экспозициясы, ғарыш энергиясы залы, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды қамтитын «Жасампаз энергия» аймағы, сондай-ақ Қазақстанның «Токамак» материалтану термоядролық реакторының моделі, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Мемлекет басшысының бастамалары көрсетілген медиақабырға таныстырылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көрме кешенінің Конгресс-орталығында болып, «Шаңырақ», «Аспан» залдарын, VIP-террасаны, Концерт залын көрді. Конгресс-орталық көпфункционалды мәдени әрі ойын-сауық орталығы болып саналады. Онда 2 192 орынға арналған көрермендер залы және 4 конференц-зал бар.

Сондай-ақ, Халықаралық мамандандырылған көрме аумағында энергиялық шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін арнайы жобалар енгізіледі.

Көрме аумағында қолданылатын жобалардың бірі «Ақылды энергожүйелер – Smart Grid» жүйесі болмақ. Жүйе апатты жағдайларды жоюға жұмсалатын уақытты азайтуға, жұмыс мөлшерін автоматты түрде таратуға, электр энергиясын жеткізудегі жүйелердегі шығынды 30% төмендетуге мүмкіндік беретін 42 қосалқы станцияны бір жүйеге бірыңғай орталықпен біріктіреді. «Ақылды жарықтандыру» жобасы көрме аумағында жарықдиодты 1200 шамды қамтиды. Электр қуатын пайдалануда түнде шамдардың жарықтығын 10-20% дейін төмендету арқасында қосымша үнемдеуге қол жеткізіледі. Алайда жол бойында көлік пайда болса, жарық толық жағылатын болады.

Экспо-2017 павильондары мен кеңсесінде «Ақылды ғимарат» технологиясы да енгізілуде. Бөлмедегі адамдардың санына қарай желдету жүйесі автоматты түрде ауа беруді реттеп отырады.

Көрме кезінде адамдардың көптеп келуі күтілуде, сондықтан желдету, кондициялау, жарықтандыру мәселелері өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін ғимараттар мен павильондардың инженерлік жүйелерін басқаруды орталықтандыру көзделген. Инженерлік жүйелерді басқарудағы энергиялық тиімді тәртіп кондициялау, желдету, жылытуға кететін шығындарды оңтайландыруға жағдай жасайды.  

Тиімді ынтымақтастық мысалы ретінде Ұйымдастырушы кеңсесі ғимаратындағы қызмет көрсетушілермен ұялы байланысының ұйымдастырылуын келтіруге болады. Қазақстанда алғаш рет ұялы байланыс операторлары ҚР Байланыс және ақпараттандыру комитетінің көмегімен жабдықтарды бірлесіп қолдануға мүмкіндік жасап, орнатылатын жабдықтар мен коммуникацияларды өткізуді 4 есе қысқартты.

 Халықаралық мамандандырылған көрмесінен кейін кейбір арнайы жобалар қала балансына беріледі. Ұйымдастырушылардың пайымынша, көрме кешенінің нысандары жаңғыртылатын энергия көздерін қолдану, энергиямен қамтамасыз ету технологиялары секілді бағыттардың ары қарай дамуына түрткі болады.

Қайрат Жандыбаев 

Барлық жаңалықтар