• Басты
  • Қазақстанда тұңғыш рет балалар оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
1 Маусым, 2017 15:57

Қазақстанда тұңғыш рет балалар оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Бүгін елімізде Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар өтуде. Орталық саябақтарда, театр, мұражайларда және өзге де мәдениет мекемелерінде әр түрлі ойын-сауық, спорттық және қайырымдылық акциялары, сурет байқаулары және т.б. ұйымдастырылды.
Қазақстанда тұңғыш рет балалар оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Биыл Қазақстанда балалар және жастар орындаушылық шығармашылығын қолдау және дамыту мақсатында тұңғыш рет балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Орталық көшелер мен даңғылдарда еліміздің барлық білім беру ұйымдарынан барабаншылар отрядтары, үрмелі аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер, хор және би ұжымдары жүріп өтті.

Ақтөбеде қаладан және облыс аудандарынан шыққан 2200-ге жуық жас таланттар шеруге қатысты. Шеруді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аша отырып, мектептердің 20 үздік оқушысына, әр түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқаулардың сыйлық иелеріне бірегей білім беру-сауықтыру орталығына жолдамалар табыс етті.

Ақтөбеде өткен шерудің соңында барлық қатысушыларға тегін балмұздақ таратылды.

Таразда өткен іс-шараға 94 шығармашылық ұжым қатысты, олардың арасында 6 үрмелі аспаптар оркестрі, 11 барабаншылар отряды, 13 қазақ және 2 орыс халық аспаптары ансамблі, 15 – би және 6 ішекті аспаптар тобы, сондай-ақ 13 хор тобы бар. 

Дәстүрлі балалар мерекесіне Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев келді.

«Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында республика бойынша балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтіп жатыр. Облыста әр түрлі байқаулардың, фестивальдар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты музыкант, суретші, спортшы, балалар өте көп. Әр баланың қабілетін ашу, еркін білім алып, дамуына мүмкіндік беру – мемлекеттің ең маңызды міндеті», - деді өңір басшысы.

Осы іс-шараның мақсаты эстетикалық және патриоттық тәрбиелеу факторы ретінде оқушылар мен студенттердің шеруге, көше фестиваліне қатысуын қолдау және дамыту болып табылады. Музыкалық шеру барлық білім беру мекемелерінің салтанатты көрсетілімімен аяқталды.  

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында 15 мың оқушы мен 210 студенттің қатысуымен «Шабыт шеруі» өтті. 

Шерудің салтанатты ашылу рәсіміне өңір әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Осы күні облыстық әкімшілік іскерлік орталық алаңында барабаншылар отряды, ансамбльдер, үрмелі аспаптар оркестрі және би ұжымдары жүріп өтті.

Балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру аясында жүргізіліп отырғанын және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өту керек. Ауқымды акцияның мақсаты оқушылар мен студенттердің шеруге, көше фестиваліне қатысуын қолдау және дамыту, балалардың музыкалық мәдениетінің деңгейін арттыру болды.

Еске сала кетейік, Балаларды қорғау күні Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінің шешімімен 1949 жылғы қарашада Парижде жарияланған болатын.

Бақытгүл Тұрсынбекқызы

Барлық жаңалықтар