Мәжіліс Прокуратура туралы заң жобасын мақұлдады

31 Мамыр, 2017 16:47
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Осы отырыста «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы мақұлданды.

Парламент Мәжілісіне Елбасының заңнамалық бастамасы ретінде келіп түскен «Прокуратура туралы» Заң жобасы, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жұмыс тобы шеңберінде жан-жақты қаралды.

Конституцияның 83-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

«Заң жобасы осы конституциялық норманы жүзеге асыру үшін әзірленді және Қазақстан Республикасы прокуратурасының мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібін айқындайды. Заң жобасы жоғары қадағалаудың шектері мен нысандарын түбегейлі өзгертеді»,- делінген хабарламада.  

Жобамен қадағалаудың мынадай үш нысаны көзделген: олар - тексеру, талдау және заңды күшіне енген құқықтық актілерді бағалау. Прокурорлардың тексерістер тағайындауына негіздер қысқартылған. Наразылық келтіруге жатпайтын құқықтық актілердің түрлері айқындалды. Қадағалау (ден қою) актілерін мәжбүрлеп орындату сот тәртібімен ғана жүзеге асырылатын болады.

Атап айтқанда, прокуратура қадағалайтын субъектілердің шеңбері кеңейтілді. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Бүгін сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын да мақұлдады.

Осылармен қатар бүгін Мәжіліс «2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан мен Қырғыз Үкіметтері арасындағы хаттаманы жәнеҚазақстан мен Қырғыз Үкіметтері арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаларды ратификациялау туралы Заң жобаларын жұмысқа алды.

Барлық жаңалықтар