2016 жылы ел бюджетінің кірісі 30,8%-ға ұлғайды

18 Мамыр, 2017 19:04
Республикалық бюджеттің 2016 жылы атқарылуының негізгі жетістіктерінің бірі – ол бюджет кірістерінің 2015 жылмен салыстырғанда 1 078 млрд.теңгеге көп жиналуы немесе 30,8%-ға өсуі, деп хабарлады қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында.

Министрдің айтуынша, шығыстар 2015 жылға қарағанда 18,6%-ке, яғни 1 338 млрд.теңгеге артық игерілді.

«Бюджеттің атқарылуының негізгі жетістіктерінің бірі – ол бюджет кірістерінің 2015 жылмен салыстырғанда  1 078 млрд.теңгеге көп жиналуы немесе 30,8%-ға өсуі», - деді министр.

Бюджет тапшылығының мөлшері бюджеттің тұрақтылығын сипаттайды. Өткен жылы оның көлемі Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда жоспардағы 2%-тің орнына 1,6%-ті құрады. 2015 жылдың көрсеткішінен 171 млрд.теңгеге азайды.

Б.Сұлтановтың хабарлауынша, кірістердің артығымен орындалуы нәтижесінде республикалық бюджетте 158,4 млрд.теңге кассалық қалдықтар қалыптасты. Бұл қаражат биылғы ақпан айында бюджетті нақтылау үшін негіз болды.

«2016 жылы бюджетке 7 662,2 млрд.теңге кірістер түсті. Кірістердің құрамында салықтардың көлемі 2015 жылға қарағанда 2% -ке ұлғайып, 56%-ті құрады. Республикалық бюджеттің кірістері 382 млрд.теңгеге асыра орындалды», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Оның айтуынша, республикалық бюджет кірістерінің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі де жақсарды. Олар 2015 жылмен салыстырылғанда 1,5%-тік пунктқа жақсарып, 10,1%-ті құрады. Салықтардың үлесі 9,4%-ті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 проценттік пунктқа ұлғайды.

Бұған дейін хабарланғандай, республикалық бюджеттің шығыстары жоғары болды және 98,3%-ға орындалды. Сонымен, бекітілген бюджеттің шығыстары екі рет нақтыланудың нәтижесінде 980 млрд.теңгеге көбейген болатын.

«Бюджеттің осындай ұлғайуы, біріншіден, әлеуметтік салаға қаржыны көбейтуге мүмкіндік берді. Шығыстардың жартысы, яғни 4 трлн.теңгесі әлеуметтік болып табылады. 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 9%-ке көбейді. Зейнетақыны төлеуге бюджеттен 1 353 млрд.теңге қаржы бөлінді», - деп толықтырды спикер.

Министрдің мәліметі бойынша, Азаматтық қызметкерлердің жаңа еңбек ақы жүйесі моделін енгізуге 290 млрд.теңге бөлінді. Бала тууға жәрдемақы 438 мың алушыға төленіп, оған 33 млрд.теңге жұмсалды. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде экономиканың нақты секторларын дамытуға ықпалын тигізетін шығыстарға 2,1 трлн.теңге қаражат бөлінді.

«Бұл қаражат экономиканың басым секторларын қолдауға мүмкіндік берді», - деп түйді Б. Сұлтанов.

Барлық жаңалықтар