Қазақстанда кальций қосылған сода өндіретін алғашқы зауыт салынады

17 Мамыр, 2017 11:21
Қазақстанда жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын кальций қосылған сода өндіру зауыты салынады, деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.

«Аралтұз» АҚ және қытайлық «QinghaiDeshengSodaAshIndustrialCo. Ltd» компаниясы Кальций қосылған сода өндірушілері қауымдастығының төрағасы (ҚХР) Динг Чаоран мырзаның төрағалығымен «Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын кальций қосылған сода өндіру зауытының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру мақсатында жарғылық капиталы 17,5 млрд теңгеден асатын Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойды.

Жобадағы жалпы инвестиция көлемі 87,5 млрд теңгеден асады.

Қазақстанда кальций қосылған сода өндіретін тұңғыш зауыттың құрылысын салудағы мақсат - Қазақстан Республикасының ішкі нарығын әлемдік озық технологияларды пайдалану арқылы жергілікті жерде өндірілген, экология және  өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарына сай келетін жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз ету арқылы импортқа тәуелділікті азайту.

Сода зауытының құрылысы 700-ден астам жұмыс орнын ашуға, жергілікті бюджетке салық түсімдерін көбейтуге, тек Арал аймағы ғана емес тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.

Аталған жоба экономиканың басым секторларының тізіміне кіреді және «Казақстанның индустрияландыру картасы», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының барлық талаптарына сәйкес келеді.  
 

Барлық жаңалықтар