• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенат Комитетінде әскери қызмет мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулер қаралды

Сенат Комитетінде әскери қызмет мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулер қаралды

16 Мамыр, 2017 16:01
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлады жоғарғы палата.

Заң жобасы құқықтық олқылықтарды, әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды жою арқылы әскери қызмет және қорғаныс саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп отыр.

Құжат Еңбек кодексіне және еліміздің 19 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Түзетулер Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ арнайы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілеріне тұрғын үй беру тәртібін реттейді.

Қорғаныстық тапсырыстың құрамы оған қорғаныс және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) шығару мен сынақтан өткізуге арналған жабдықтарды қосу есебінен кеңейтіледі. Бұл ретте қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау отандық тауар өндірушілердің және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізілген ұйымдардың қатарынан ғана жүзеге асырылатын болады.

Ұлттық қауіпсіздік органдарына қажетті ақпаратты алу, оның ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен берілетін электрондық ақпараттық ресурстар арқылы алу құқығы беріледі.

Қорғаныс министрлігінің, Қарулы Күштері Бас штабының, әскери басқару органдарының міндеттері кеңейтіледі.

Қарулы Күштердің түрлері және олардың басшылықтарының құзыреттері бекітіледі, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерін тағайындау, ауыстыру және қызметтен босату тәртібі реттеледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың соғыс уақытындағы және әскери жағдай енгізілген кезеңдегі құзыреттері нақтыланады.

Құжат Палата қарауына жіберілді.
 

Барлық жаңалықтар