• Басты
  • Жаңалықтар
  • Павлодарда микросферадан лак-бояу материалдарын жасап шығару жоспарлануда

Павлодарда микросферадан лак-бояу материалдарын жасап шығару жоспарлануда

16 Мамыр, 2017 12:34
Павлодар қаласында микросферадан лак-бояу материалдарын жасап шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиын барысында белгілі болды.

«Минералдық шикізат энергия өндіретін кәсіпорындарда күлдің сумен араласуы нәтижесінде пайда болады. Минералдық шикізатты тауарлық микросфераға айналдырып, өз кезегінде одан мұнай өндіру және құрылыс жұмыстарына қажет цемент пен жылу оқшаулағыш, лак-бояу материалдары мен пластмасс бұйымдарды өндіруде қолдануға болады. Біз бұл бағытты 2013 жылы таңдап алдық. Күн сайын біз минералды шикізаттың 1 мың тоннасын өндіреміз. Бұдан кейін оны 700-800 тонна тауарлық микросфераға айналдырамыз», - деді «Metallogamma» ЖШС бас директоры Мерғалым Сералинов.  

Кәсіпорында тауарлық микросферадан мастика, жылу оқшаулағыш бояулар және полимер едендер жасап шығару жоспарланып отыр. Компания «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жер учаскесін алып, ендігі жерде Новосибирск қаласында жиналып, тексеруден өткен өндіріске қажетті зауыттық құрылғының әкелінуін күтіп отыр. 

Аймақ басшысы Болат Бақауов кәсіпорынға барынша қолдау көрсету қажет екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, кездесуде алюминийді қоспалау бойынша тағы бір жоба қаралды. «Giessenhaus» ЖШС Астана күні мерекесі қарсаңында қоспалы алюминийдің алғашқы құймасын шығаруды көздеп отыр.

«Маусым айының соңында Павлодар қаласына сұйық алюминийді тасымалдайтын машина мен ыдыстар әкелінеді», - деді компания құрылтайшысы Виктор Литуев.

Сондай-ақ, кәсіпорын бірнеше итальяндық зауытпен қоспалы алюминийді сатып алу бойынша алдын ала келісімшарттар жасасқан. Виктор Литуевтың айтуынша, шетелдік сатып алушылар өнімнің жоғары сапалы екендігіне көз жеткізгеннен кейін тұрақты клиентімізге айналуы мүмкін.

Атқарушы билік тарапынан  бизнесмендер үшін қажетті инфрақұрылымды құру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Яғни, сұйық алюминий тасымалданатын Қазақстан электролиз зауытынан «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына дейінгі жол жөндеуден өткізілді.

 

Барлық жаңалықтар