• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан әлемдік уран нарығындағы көшбасшы позицияларын сақтап қалуға ниетті

Қазақстан әлемдік уран нарығындағы көшбасшы позицияларын сақтап қалуға ниетті

15 Мамыр, 2017 11:12
Қазақстан әлемдік уран нарығындағы көшбасшы позицияларын сақтап қалуға ниетті. Бұл туралы ҚР Мәжілісінде ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, сондай-ақ ол Қазақстанның уран өнеркәсібінің даму жағдайы мен перспективалары туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін ілгерілетудегі жауапты саясатының арқасында таратпау режимінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылғанын және бүгінгі таңда Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды белсенді түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. ҚР-ның атом саласы саланың да және жалпы елдің де технологиялық әлеуетін дамыту тұрғысында ресурстық салалар арасында ең перспективалы сала болып табылады», - деді Қ. Бозымбаев.

Ол Қазақстандағы уран қоры 800 мың тоннадан астам екенін атап өтті.

«Уран өндіру – елімізде атом саласының ең дамыған бағыттарының бірі. Уран атом энергетикасы үшін стратегиялық шикізат болып табылады және оның қоры шектеулі. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Барлық барланған әлемдік қорлардың 12%-ға жуығы ҚР-ның жер қойнауында шоғырланған. Елдегі уран қорлары 800 мың тоннадан астам деп бағаланады. Осы ретте Қазақстанда табиғи уран қорлары мен ресурстарының жалпы көлемі 1,4 млн тоннаны құрайды. Уранның едәуір ресурстарының болуы Қазақстанның басқа елдер алдындағы үлкен бәсекелі артықшылығы болып табылады», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, едәуір уақыт ішінде ұтымды пайдаланған кезде – бұл 50-80 жылға жақын, Қазақстан табиғи ресурстары айтарлықтай таусылған экономикалық дамыған елдермен салыстырғанда басымдыққа ие болады.

«2009 жылы Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша бірінші орынға шығып, табиғи уранның әлемдік нарығындағы көшбасшы позицияларын сақтап келеді. 2016 жылы уран өндіру көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 76% ұлғайған», - деп ақпараттандырды Қ. Бозымбаев.

Сондай-ақ, ол Қазақстан аумағында уран өндіруді «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес және бірлескен кәсіпорындары жүзеге асырып жатқанын хабарлады.   

«Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнының құрамына Канада, Жапония, ҚХР, РФ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар кіреді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының қатысу үлесі 30%-дан 65%-ға дейін құрайды. Бүгінде уран өндірісімен 12 компания айналысып келеді, оның 11-і Ресей, Қытай, Франция, Канада, Жапония және Қырғызстанмен бірлескен кәсіпорындар», - деді Қ. Бозымбаев.

Сондай-ақ, министр ішкі өткізу нарығында уран өнімі жоқ екенін хабарлады. Өндірілген уран Қытай, Еуропа және Үндістан сияқты елдерге экспортталады. 2016 жылы табиғи уранның әлемдік нарығында уран өнімінің 80%-ға жуығын бес ел өндірген, олар – Австралия, Канада, Нигерия және Ресей. Қазақстанның үлесі әлем бойынша өндірілген уранның 39%-ын құрады.

Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта әлемдік уран нарығында уран бойынша ұсыныстардың тым артық болуы байқалатынын және осы тренд 2011 жылдан бері жалғасып келетінін айтып өтті.  

«2016 жыл ішінде бағалардың 12 жылдық кезең деңгейіне дейін төмендеуі орын алды. Табиғи уранның әлемдік нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты, 2017 жылғы қаңтарда уран өндіру көлемін 22 мың тоннаға дейін 10%-ға азайту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, уран бағасы  20%-ға өседі. Алайда, нарықта уранның артық көлемі 2020 жылға дейін сақталады деп күтілуде. Осының нәтижесінде уран бағаларының жоғары құбылмалылығы және сұраныс пен ұсыныстың үйлесімсіздігі болжанады. Әлемдік уран нарығындағы күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан әлемдік нарықтағы көшбасшы позицияларын сақтап қалуға ниетті», - деп мәлім етті Қ. Бозымбаев.

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар