Өскеменде Литва Республикасының Консулдығы ашылды

12 Мамыр, 2017 17:38
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Құрметті Консулдықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысу үшін Өскеменге келген Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті, деп хабарлады өңір әкімдігі.

Даниал Ахметов Елші Витаутас Наудужасқа өңірдің өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы әлеуеті жайында айтып берді.

«ШҚО-да түсті металлургия мен атом өнеркәсібі жақсы дамыған, ядролық отын мен тантал өндіру зауыттары жұмыс істейді. Біздің өңір жылына бір миллион тоннаға жуық сүт өндіреді, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Қазір біз өз өнімімізді көрші елдерге экспорттау үшін сертификаттау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді облыс әкімі.

Елші біздің өлкеміз бай мәдени мұрамен де ерекшеленетінін атап өтті, оны қаланың сол жағалауындағы тұрғындардың ең сүйікті демалатын орны – этноқалашыққа барған кезде байқағанын айтты.

«Биыл Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастықтың басталуына 25 жыл толып отыр. Бүгін біз Құрметті Консулдық ашып, туризм, көлік және білім саласындағы анағұрлым тығыз ынтымақтастыққа сенім білдіреміз», - деді Витаутас Наудужас.

Барлық жаңалықтар