Журналистерге алғаш рет «Парламент сөзі» сыйлығы беріледі

11 Мамыр, 2017 13:46
ҚР Мәжілісі журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығына үміткерлердің өтінімдерін қабылдауды бастады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Парламенттің төменгі палатасының ақпараты бойынша, атаулы сыйлыққа Палатаның заң шығарушылық қызметі жайында 2016 жылдың 1 қыркүйегі мен 2017 жылдың 14 маусымы аралығында жарық көрген материалдар қабылданады.

Жеңімпаздар алты номинация бойынша Мәжілістің қызметі туралы үздік телевизиялық, мерзімдік баспасөз, Ғаламтор мен радиоматериалдар, сонымен бірге фото және бейне-материалдар бойынша анықталады. Сондай-ақ, Қазақстан парламенттік журналистикасының дамуы мен өркендеуіне үлес қосқандар да ескерілетін болады. 

Сыйлыққа үміткер кандидаттарды бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Сондай-ақ, бұл бәйгеге өзін-өзі ұсыну арқылы жеке журналистер де қатыса алады. Өтінім бұқаралық ақпарат құралының, шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің ресми бланкісіндегі, басшы немесе оны алмастыратын адам қол қойған хат, өзін-өзі ұсынған жағдайда – сыйлыққа үміткердің өзі қол қойған хат жөнелтіледі. Осыларға қосымша, сыйлыққа үміткер туралы қысқаша ақпарат көрсетеледі. Жарияланған немесе эфирге шыққан жарияланымдардың мәтіндері, аудио, бейне-фотоматериалдар не ғаламторда шығарылған материалдар жарамды сілтемелер бірге беріледі.

Комиссия сыйлыққа номинацияланатын жұмыстарды бағалау кезінде тақырыптың жазылып-көрсетілу тереңдігін, материалды берудегі кәсіби шеберлік пен объективтілікті, оның көркемдік ерекшеліктерін бағалайды. Биылғы жылы «Парламент сөзі» сыйлығы алғаш рет тапсырылғалы отыр.

Сыйлық иелері Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында жарияланады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин өткен сессияның аяғында журналистерге арналған сыйлық белгілеу бойынша Мәжіліс Бюросының шешімін жариялаған болатын.
 

Барлық жаңалықтар