Халықаралық интеграция

Қазақстан және Бразилия сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев жұмыс сапарымен Бразилияға барып қайтты, сапар барысында Қазақстан-Бразилия ведомствоаралық консультациялары, Бразилияның бірқатар министрліктері мен ведомстволарының ресми өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізілді.
Әлемде 10 Мамыр, 14:32

Бразилиялық делегацияны Бразилияның сыртқы істер министрінің орынбасары Жорже Ламазье басқарды. ҚР СІМ мәліметі бойынша тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібі, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне толық тоқталып, Астана халықаралық қаржы орталығының басымдықтарына ерекше назар аударды, дәстүрлі және баламалы энергетика саласындағы әріптестік перспективаларын зерттеу, мәдени-гуманитарлық бағыттағы өзара іс-қимылды жандандыру, шарттық-құқықтық базаны кеңейту туралы келісті.

Бразилияның СІМ бас хатшысы Бразилия Қазақстанға Орталық Азия өңіріндегі сенімді әріптес ретінде қарайтынын атап өтіп, барлық негізгі салаларда екіжақты ынтымақтастықтың нығайтылатынына сенім білдірді. Ол Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі екіжақты экономикалық ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, бразилиялық дипломат Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына жоғары баға берді.

Қазақстандық дипломат сапар аясында бірқатар ресми кездесулер өткізді.

Бразилияның экспорт және инвестицияларды ілгерілету жөніндегі агенттігінде Е. Ашықбаев Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, инвесторлармен жұмыс жасау бойынша мемлекеттік қолдау шаралары, Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін жеңілдіктер туралы айтып берді. Агенттіктің Президенті Роберто Жагуарибе екіжақты тауар айналымының бар әлеуетке сәйкес келмейтінін айтып, одан әрі сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл үшін анағұрлым перспективалы тауашаларды анықтау қажеттігін атап өтті. 





Яндекс.Метрика