• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен іздестіру-құтқару операциялары туралы заң қабылдады

Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен іздестіру-құтқару операциялары туралы заң қабылдады

10 Мамыр, 2017 12:13
ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасымен таныстырды.

Келісімнің мақсаты – Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны орындау, оған сәйкес авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы әрекеттерді үйлестіру үшін екі көршілес мемлекеттің келісім жасауы көзделген.  

«Келісім апатқа ұшырайтын немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерінің экипаждары мен жолаушыларын іздестіріп, құтқару үшін мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Келісімде бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын өткізудің нормативтік негізі айқындалады және тараптардың авиациялық оқиға туралы өзара хабарландыру міндеті көзделеді», - деді Ж. Қасымбек.     

Әрбір тарап осы Келісім аясында өзі жауапты аумақтағы іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды өзі өтейді.

«Мысалы, Каспий теңізі аумағында апат болған жағдайда осы Келісім арқылы бірлескен-құтқару жұмыстары көзделеді. Осылайша, біз Ресейдің құтқарушыларымен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Олардың жағынан қандай мемлекеттік органдар жұмыс істейді, қандай техникалық құралдар іске қосылған, бір-бірімізге ақпарат беру және бірлескен оқыту сабақтары қалайша жүргізіліп жатыр – осының барлығы Келісіммен регламенттеледі», - деп түсіндірді министр.

Тараптар апатқа ұшыраған әуе кемелеріне көмек көрсету кезінде халықаралық апат сигналдарын, іздестіру-құтқару операциялары кезінде қолданылатын сигналдарды пайдаланатынын айта кеткен жөн.

Депутаттар аталған заң жобасын мақұлдап, қабылдады. 

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар