• Басты
  • Германияның концлагерьлері және тұтқында болған отандастарымыз туралы тың деректер (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Германияның концлагерьлері және тұтқында болған отандастарымыз туралы тың деректер (ФОТОРЕПОРТАЖ)

9 Мамыр, 2017 14:43
«Қазақстан» телеарнасы «Журналистік зерттеу» бағдарламасының шеф редакторы Азат Рыстанбек Екінші дүниежүзілік соғыста Германия аумағында әскери тұтқындарды ұстауған Бухенвальд, Заксенхаузен және Цайтхайнда болып,қандастарымыз туралы жаңа деректердің бетін ашты. Осы журналисттік зерттеуге арқау болған деректер арнайы жобада алғаш рет эфирден көрсетілді. Сол фильмдердің арқасында қазақстандық бірнеше отбасы 70 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен аталары туралы алғаш хабар естіді. Азат Рыстанбектің тыңнан түрен салып, концлагерьлердегі адам төзгісіз өмірге бүгінгі күннің биігінен көз салды. Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында осы фильмдердің авторы Азат Рыстанбекпен Strategy2050.kz АА тілшісі арнайы барып жолыққан еді. Ендігі әңгімені журналистің өз сөзімен өруді жөн көрдік.

«Жеңістің 65 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі «Арманда кеткен боздақтар» атты алғашқы кітап шығарған болатын. Бұл естелік кітап. Оған тұңғыш рет біздің қазақстандық тұтқындардың тізімі кірді. Мұндай бұрын-соңды болмаған еді. Себебі құжаттар құпия сақталған болатын. Бұл деректерді осы уақытқа дейін Америка құпия сақтап келіп, кейін Ресейге тапсырған. Енді осы деректер кітапта басып шығарылған. Біздің журналистік зерттеу жүргізуімізге де себепші болған осы кітап еді. Бұл қазақстандықтар кімдер? Олардың тағдыры не болды? Осынша уақыт бойы өздерінің із-түзсіз жоғалып кеткен туыстары туралы қандай болса да ақпарат алуға тырысқан олардың жақындары мен туысқандарын іздеп тапқымыз келді», - деді бағдарлама авторы.

Журналистің мәліметі бойынша, «Арманда кеткен боздақтар» - шағын ғана тиражбен басылып шыққан. Жарияланған тізімдерге 6 228 адамның ғана есімі енген.

«Шын мәнінде, соғыс кезінде тұтқында болған қазақстандықтар одан да көп болған. Ғалымдардың жұмысы жалғасуда. Германияда Дрезденде бұрынғы кеңес азаматтарын және олардың тағдырын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатқан Саксон мемориалдары бірлестігі арнайы ұйымы бар. Бес жыл ішінде базада рейх лагерьлерінде және ішінара бұрынғы КСРО-ның басып алынған аумағында қаза тапқан 740 мың кеңес адамы туралы ақпарат жиналған. Алайда, бұл толық ақпарат емес, себебі кезінде Германияның лагерьлеріне 3 миллионға жуық адам жеткізілген болатын. Тарихшылардың мәліметінше, неміс тұтқынында 200 мың қазақстандық болған. 23 мыңға жуығы қайтып оралса, қалғаны қайда деген сұрақ туындайды. Табылған және жарияланған 6 мың адамның ісі – бұл оның аз ғана бөлігі», - деп атап өтті А. Рыстанбек.

«Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері мыңдаған бейбіт адам қаза тапты. Жүздеген, мыңдаған жауынгер дұшпанға қарсы тұруға да үлгермеді, нәтижесінде, тұтқынға алынды. Оларды алдарында адам төзгісіз лагерьлер мен азап күтіп тұрды. Олардың арасында қазақстандықтар көп болды. Солардың тағдыры не болды, Кеңес уақытында әскери тұтқындар тақырыбы неліктен қозғалмады?», - деген сауалдыр Азат Рыстанбектің журналистік зерттеуінің негізгі арқауы. 

 

Ол айтып кеткендей, концлагерьлердің тұтқындарын іздеп тауып, олармен байланысу ойлағаннан әлдеқайда қиынға соқты.

«Соғыстан кейінгі жылдары тұтқында болып қайтқан адамдар халық жауына және сатқындарға теңестірілді. Олар да, олардың туыстары да қуғын-сүргінге, репрессияға, арнайы қызметтер тарапынан бақылауға ұшырады. Тіпті бүгіннің өзінде де ол туралы ешкім айтқысы келмейді. Соғыстан кейін Еуропаға кетіп қалған адамдар да байланысқа шығудан бас тартып отыр. Алайда, біз Бухенвальдте тұтқында болған Сейілхан Ғабдуллиннің ұлымен кездесіп, одан сұхбат ала алдық. Ол тұтқыннан қашып құтылып, кейін партизандар қатарына қосылған. Бірақ, үйіне оралған соң, ІІХК, кейін МҚК бақылауына алынған. Оған сатқын деген айып тағылған. Сейілхан Ғабдуллин қаза тапты. Ал оның ұлы әкесінің ауыр тағдыры жайлы кітап жазған», - дейді журналист-зерттеуші.  

Саксон мемориалдары бірлестігі мұрағаттарында орналасқан қазақстандық тұтқындар картотекасы бейне-материалдармен де толықтырылғаны жайында айта кету керек. Нацистік үкімет азиялық жауынгерлер туралы фильмдерді ел ішіндегі жаппай үгіттеуде пайдаланған.

«Мен мұндай деректі естігенде таң қалдым. Үшінші рейх халық алдында өз агрессиясын бүркемелеу үшін, бастаған соғысын «екінші монғол шапқыншылығына қарсы тұру» деп атағаны анықталды. Біздің қазақстандық жауынгерлеріміздің бейнесі төніп келе жатқан сыртқы қауіп алдында халықты біріктіру үшін пайдаланылған екен. Және осы сынды үгіттеу жұмыстары барлық БАҚ-та жүргізілген», - деп бөлісті ол.

Жалпы, журналист атап өткендей, Еуропада 1700 концлагерь және ондаған филиалдары болған.

«Мен Бухенвальдта болдым. Кезінде бұл орын "өлім фабрикасы" деп аталып кеткен екен және ол Германиядағы ең ірі концлагерьлердің бірі болған. Осы жерде Еуропа азаматтарымен қатар, 20 мыңнан астам кеңес әскері ұсталған, олардың жартысы қайтыс болған. Олар нашар тамақтанған, науқастармен бірге жатқан, кейбіреулері тіпті медициналық зерттеулердің құрбандарына айналған», - деп бөлісті ол.

А. Рыстанбектің айтуынша, қазақ, өзбек, қырғыздардың суреттері басып шығарылған. Идеологияда олар монғолдардың ержүрек ұрпақтары және еш нәрседен қорықпайды деп айтылған. Соғыстың алғашқы жылында үш миллионнан астам адам тұтқынға түскен. Тарихшылардың пікірі бойынша, 1945 жылы олардың саны 6 миллионға дейін жеткен. Олардың 4 миллионға жуығы нацистік лагерьлерде қаза тапқан. Бірақ И. Сталин жұртты "Қызыл армияда тұтқындар жоқ, Отанның сатқындары ғана бар" деп сендірген.     

«Мына кадрлар 1941 жылы түсірілген, оларды Сталинге қарсы үгіттеу үшін неміс офицері түсірген. Алғашқы айларда бұл жерге 20 мың солдат жеткізілген. Қыркүйекке дейін олар Цайнтхайнде болып, кейін Германиядағы индустрия игілігіне жұмыс істеу үшін басқа лагерьлерге жіберілген. Ол жерлерде де тұтқындарды азап күтіп тұрды. Цайнтхайн – концентрациялық лагерь, онда алғашқы әскери тұтқындар жеткізілген. Біз алған кадрларда әбден жүдеген жауынгерлерді тамақтандырып, әрқайсысымен үгіттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ солдаттарды медициналық тексеру барысы көрсетілген кадрлар да болды, онда олардың неге қабілетті екені: көмір шахталарында жұмыс істей алатыны, не істей алмайтыны анықталған. Әскери тұтқындардың жай-күйінен олардың нашар тамақтанғаны байқалады. Олардың арасында азиялық адамдар көп, алайда, қазақтардың қанша болғанын тап басып айту мүмкін емес», - деді журналист бейнематериалда.

Ғалымдардың пікірі бойынша, Германияда лагерьлердің үш түрі болған: біріншілеріне қылмыскерлер, еврейлер, сығандар қамалған; екіншілері – жұмысшылар лагерьлері, ал үшіншілері - өлім лагерьлері және ол жерлерге адамдарды арнайы әкеліп отырған. Тұтқындар газбен уландырылып, кейін өрттелген.

«Мен «Бухвенвальд», «Цайтхайн», «Заксенхаузен» лагерьлерінде болып қайттым. Барлығында қазақстандықтардың құжаттары бар, кезінде нацистер әр адамға жеке парақ толтырып, суретке түсірген, тіпті саусақтарының ізін де алып отырған, соның көмегімен көптеген адамдардың жерленген жерлерін табуға болады. Мысалы, «Цайтхан» лагерінің аумағында 130-дан астам жерлесіміз "жатыр", «Бухенвальд» лагерінен 30 тізім табылды. Ал «Заксенхаузен» лагерінде онға жуық тұтқын туралы мәлімет бар. Бұл – үлкен жұмыс. Немістер мұрағаттық құжаттарды іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге әзір, тарихшыларымызды бірлескен жұмысқа шақырып жатыр. Оған қоса, тұтқындарға қатысты барлық мәліметтер Мәскеудегі мұрағатта сақталуда. Оларды алып, қарау керек, бұл да өте үлкен жұмыс. Сонда ғана әскери тұтқындарға қатысты жалпы мәліметтер анықталуы мүмкін», - деп нақтылады ол.

Президент мұрағатының деректері бойынша, тұтқында біздің 200 мың жерлесіміз болған. Бүгінде 30 мың есім ғана белгілі.

Жыл сайын 11 сәуірде Еуропада Нацистік концлагерьлер тұтқындарының бостандығы Халықаралық күні атап өтілетінін айта кету керек. 1945 жылы дәл осы күні  Бухенвальд тұтқындары көтеріліске шығып, лагерьді өз қолына алады. Осыдан кейін басқа да лагерьлер босатыла бастайды.

«Осындай жыл сайынғы естелік іс-шараларға әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Көбі сол кездегі тұтқындардың киімін киіп келуді дәстүрге де айналдырған. Олардың қатары жыл сайын азайып барады. Лагерь аумағына аяқ басқан адам жан түршігерлік күй кешеді. Газ камераларын, қинап-азаптау бөлмелерін, крематорийлерді көргенде бойыңды үрей билеп, сол бір жылдардың қорқынышы көз алдыңнан өткендей болады», - деп түйіндеді Азат Рыстанбек.

«Арнайы репортаж» бағдарламасының шеф редакторы айтып өткендей, қазіргі уақытта мұндай жұмыстар жалғасуда және осы тақырыптағы эксклюзивті материалдар әлі де болады, деп сендірді автор.    

Ақбота Күзекбай

Фото А.Рыстанбектің жеке мұрағатынан

Барлық жаңалықтар