Биыл Қазақстан Қытаймен бірлесіп, 7 жобаны іске асырады

5 Мамыр, 2017 17:46
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жүзеге асырып жатқан, Қазақстанның Қытаймен бірлескен 51 жобасының іске асырылуы қандай кезеңде екені жайында ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

Министрдің хабарлауынша, Қазақстан мен Қытайдың өндірістік қуаттылықтарды дамыту жөніндегі берлескен бағдарламасы аясында 51 жоба қазір министрлік пен Үкіметтің бақылауында.  

«Бүгінгі таңда үш жоба іске асырылған, өткен жылы 6 жобаның іске асырылуы басталса, биыл тағы 7 жоба іске асырылмақ. 2018-2019 жылдар осы жобалар ең көп іске асырылатын жылдар болмақ. Биыл ірі жобалар басталады, мысалы, бірқатар жобалардың құны 1 млрд доллардан асады», - деп хабарлады Ж. Қасымбек.

Бұл мұнай-химия, инфрақұрылымдық құрылыс салаларына, тау-кен секторына қатысты жобалар.  

«Бізде осы тізімге жаңа және жеткілікті пысықталған жобаларды қосу жөнінде қосымша ұсыныс бар. Нарықтың өзгеруіне, қаржыландыру шарттарының өзгеруіне байланысты, осы тізімде алынып тасталуы тиіс жобалар да бар. Бүгінгі күні бізде 27 млрд теңге сомасына 51 жоба бар», - деп нақтылады спикер.

Бұдан бөлек, министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй объектілері жайында да айтып өтті.

«Өткен жылы Алматыға сапар барысында салынып жатқан объектілердің 80%-ы жеке меншік үйлер екенін білдім. Тізімде жер алғысы келетін азаматтар өте көп. Сондықтан, біз бұл мәселені әкімдіктермен шештік – барлық инфрақұрылымдық база салынғаннан кейін ғана жер берілетін болады», - деп ақпараттандырды Жеңіс Қасымбек.

Осыған орай, министр барлық өңірлер үшін инфрақұрылымға бөлінетін қаражат туралы да айтып өтті.

«Жыл сайын біз инфрақұрылымды дамыту үшін бюджеттен қаражат бөлеміз. Сондықтан, әрбір өңір үшін 1,5 млрд теңге бөлінуде. Республика бойынша 40 мың азаматқа мемлекет жер береді», - деп түйіндеді министрлік басшысы.

Ақбота Күзекбай 

Барлық жаңалықтар