ҚР СІМ басшысы БҰҰ Ауғанстан бойынша арнайы елшісімен кездесті

4 Мамыр, 2017 10:14
Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы елшісі, БҰҰ Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының басшысы Тадамичи Ямамотоны қабылдады.

Ведомствода хабарлағандай, кездесуде тараптар Ауғанстан аумағында жалғасып жатқан дау тұрғысында өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, осы елге экономикалық жәрдемдесу мәселелері де талқыланды.

Қ. Әбдірахманов Қазақстан Ауғанстанның тұрақты әрі қауіпсіз болуына мүдделі екенін атап өтті.

Ауғанаралық ұлттық диалог қана ішкі шиеленістің төмендеуіне ықпал ете алады, деп санайды министр. Қазақстан жыл сайын азық-түлік, ЖЖМ және әр түрлі жабдық жеткізу түрінде гуманитарлық көмек көрсетеді, ауғандық студенттердің қазақстандық жоо-ларда білім алу бағдарламаларын іске асырады, ҚР қаражаты есебінен мектептер мен жолдардың құрылысы жүзеге асырылып жатыр», - деді министр.

Ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі басымдықтарының бірі халықаралық қоғамның назарын ауғандық проблемаға аудару болып табылатынын қосты. Сондай-ақ Қазақстан өңірдегі қауіпсіздік пен даму арасындағы тығыз байланыс Ауғанстандағы одан әрі ілгерілеуге оң серпін береді деп санайды. Т. Ямамото Қазақстанның елдегі жағдайды тұрақтандыру ісіне қосқан үлесіне жоғары баға беріп, Ауғанстанды инвестициялық тұрғыдан тартымды әріптеске айналдыру бойынша өңірлік күш салуын қолдайтынын атап өтті.

«Қазақстан еуразиялық кеңістікте өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетті. Біз сіздердің жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге күш салуыңызды қолдаймыз», – деді БҰҰ арнайы елшісі.

Барлық жаңалықтар