БҰҰ Қоры Ақтөбе облысына әйелдер денсаулығын нығайтуға жәрдемдеспек

3 Мамыр, 2017 09:51
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ЮНПФА-ның Қазақстандағы төрағасы Пабло Педромен кездесті.

Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, кездесу барысында  тараптар ЮНФПА-ның әйелдердің денсаулығын нығайту және ана мен перинаталдық өлім-жітімді төмендету, сондай-ақ моральдық және жыныстық тәрбие мен жыныстық және репродуктивті денсаулық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы келісімшартқа қол қойды.

БҰҰ-ның халық саны саласындағы қоры Қазақстандағы жұмысын 1992 жылы бастады.

Қордың негізгі бағыты - ана денсаулығын жақсарту және дамыту саласындағы бесінші Мыңжылдық Даму Мақсаттарына қол жеткізу, жыныстық және репродуктивтік денсаулық пен ұрпақты болу құқықтарын көтермелеу арқылы  әйелдер, жастар мен жасөспірімдердің өмірін жақсартуға    көмектесу.

ЮНФПА қолдаудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы ұлттық басымдылыққа негізделген және 2020 жылға дейін ҚР дамуының стратегиялық жоспарын, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын және өзге де саяси нұсқамаларды іске асыруға көмектеседі.

«Біз БҰҰ-ның Қазақстандағы барлық бөлімшелерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Сіздер елімізде әйелдер денсаулығын нығайту, ана өлімін төмендету саласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын білесіздер. Бұл Елбасының алдымызға қойған басым тапсырмаларының бірі. Қазақстанда туу көрсеткішін арттыру шаралары қабылдануда. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында батыс өңірінің барлық тұрғыны білікті медициналық  қызметтер алуы үшін медициналық кластер құру жұмысы жүргізілуде. Қабылданған шаралардың арқасында бізде ана мен бала өлімінің төмендегені байқалады. Мен біздің өзара әрекетіміз жемісті әрі тиімді болатынына сенімдімін», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Мейман Пабло Педро өз кезегінде облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Біз әйелдер денсаулығын нығайту және ана мен перинаталдық өлім-жітімді төмендету, сонымен қатар жан-жақты жыныстық білім беру мен сексуалдық және репродуктивті денсаулық қызметіне  қол жеткізуді арттыру жұмыстарына 30 млн теңге бөлеміз», -  деді ЮНФПА –ның Қазақстандағы төрағасы.

Бұдан бөлек,  облыс орталығындағы босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін барлық мекемелердің, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемесінің  антенатальді күтім жасайтын медициналық қызметкерлері, пилоттық колледждердің педагогтері мен жастардың көшбасшылары үшін оқыту тренингтері ұйымдастырылып, әрі қарай мониторинг жүргізіледі.

Барлық жаңалықтар