Қ.Абдрахманов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен кездесті (ФОТО)

1 Мамыр, 2017 15:34
Нью-Йоркте Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті, деп ведомстводан хабарлады.

«Қазақстан АҚШ-пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша маңыз береді және жаңа Әкімшілікпен тығыз өзара іс-қимыл жасауға ниетті», - деп атап өтті Қайрат Әбдірахманов.

Өз кезегінде Р. Тиллерсон Президент Н.Назарбаевтың қуаттылығы бойынша әлемде 4-ші орынды алатын ядролық қарудан бас тартқан тарихи шешімін ерекше атап көрсетті, осы арқылы оның халықаралық қоғамдастықпен  достық қатынастарды дамытуға, саяси және экономикалық тұрақтылыққа, шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған көреген таңдауын дүниежүзі мойындады.

Сұхбаттасушылар қазақстандық-америкалық стратегиялық әріптестікті іс жүзінде іске асыру мәселелерін, атап айтқанда бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп арасындағы телефон арқылы сұхбат барысында айқындалған сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын  талқылады.

Құрама Штаттардың Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы сұхбаттың жеке тақырыбы болды.

Қазақстандық сыртқы саяси ведомство  басшысы сұхбаттасушыға 29 тамызда АЭХА-ның Қазақстанда Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) ресми ашылуы жоспарланып отырғанын хабарлады. АҚШ Үкіметі мен «Ядролық қаруды азайту бағдарламасы» Қорының ТБУБ құрудағы үлесін ескере отырып, америкалық тарапқа ресми салтанатқа қатысу үшін шақыру берілді. Жоғары деңгейдегі мүмкіндіктер мен басқа да байланыстар талқыланды.   

Кездесу соңында Р. Тиллерсон  арадағы достық пен жемісті қарым-қатынастарды атап өте отырып, Президент Н. Назарбаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізуді өтінді. 

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сол күні өткен отырыстары аясында Қ. Әбдірахманов өзінің британдық әріптесі  Борис Джонсонмен де кездесу өткізді.

Дипломатиялық ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Б.Джонсон – «Ұлыбритания Қазақстан экономикасына инвестиция салатын 6 ірі инвесторлардың бірі екенін және өзара тиімді іс-қимылдарды одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор екенін» атап өтті. Осыған байланысты екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары белсенді түрде жүргізіп отырған экономикалық дипломатияны дамытуға ірі іскер топтарды қатыстыра отырып, таяу арада қазақстандық-британдық бизнес-форум өткізуге қызығушылық білдірілді.

 Британия сыртқы істер офисінің басшысы ЭКСПО көрмесі тақырыбының өзектілігін атай отырып, өзінің оған қатысуға дайын екенін айтты.

Біріккен Ұлттық Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесу екіжақты кездесулер легін аяқтады. Қ. Әбдірахманов Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында мәлімдеген бастамаларын БҰҰ Хатшылығы дәйекті түрде қолдауының маңызы зор екенін атап өтті.

Кездесу барысында А.Гутерриш Астанада осы жылғы 8-9 мамырда өтетін ШЫҰ саммитіне және ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына қатысу ниеті туралы хабарлады. Бұл Қазақстанға соңғы жарты жыл ішінде жасалатын екінші сапар екені және мұның Қазақстанмен әрі Орталық Азия өңірі елдерімен ынтымақтастыққа БҰҰ-ның баса назар аударатынын көрсететіні айрықша атап өтілді.  

Барлық жаңалықтар