Болотовтың роторлық жел турбинасы – қазақстандық ноу-хау

5 Наурыз, 2013 00:00
Қазақстанда Болотовтың роторлық жел турбинасы орнатылған 50-ден астам станция жұмыс істейді– бұл әлемде теңдесі жоқ қазақстандық жаңалық. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі «Қазатомөнеркәсіп» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Болотовтың роторлық жел турбинасы» - бұл белгілі қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Альберт Болотовтың бірегей еңбегі. «Болотов виндроторы» әлемде теңдесі жоқ қазақстандық ноу-хау болып табылады. Оның негізіне қарама-қарсы бағытта айналатын екі модулі бар тік-осьтік роторлық турбина алынған.

«Мұндай конструкция пропеллерлік станциялар жұмыс істей алмайтын жылдамдығы ең төменгі жел кезінде де ток бере алады. Бұл электр станциясының орнатылған қуат коэффициенті өте жоғары – 43 % дейін», - деп хабарлайды «Қазатомөнеркәсібінің» баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні таяу шығыста, Қазақстанның шалғай аудандарында және Астанада 50-ден астам осындай станциялар үздіксіз әрі тиімді жұмыс істейді. Өскеменнің «Машзауыты» АҚ-да қуаты 10 кВт және одан да жоғары болатын жел генераторларын көптеп шығару жоспарлануда.

Барлық жаңалықтар