• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандық мұнай өнімдері нарығында тұрақтылық байқалуда – Қ. Бозымбаев

Қазақстандық мұнай өнімдері нарығында тұрақтылық байқалуда – Қ. Бозымбаев

18 Сәуір, 2017 18:24
Қазақстандық мұнай өнімдері нарығында тұрақтылық байқалуда, деп хабарлады Үкімет отырысы барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай мен конденсат өндіру көлемі шамамен 21,1 млн тоннаны немесе 2017 жылдың 1 тоқсанындағы жоспардың 103,5%-ын құрағанын мәлімдеді. Жалпы мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және ЖЖМ тапшылығы байқалмайды. Ішкі нарық отандық ЖЖМ-мен толықтай қамтамасыз етілген.

«Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизельдік отын жеткізудің бекітілген кестесі аясында  2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 375 мың тонна отын, соның ішінде АМӨЗ – 79 мың тонна, ПМХЗ – 233 мың тонна және ПҚОП – 63 мың тонна жеткізілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өтініміне сәйкес, дизельдік отынға деген қажеттілік толық көлемде қанағаттандырылған», - деді Қ. Бозымбаев.

2017 жылғы наурыз-сәуір айларындағы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынның ұсынылған бағасы тоннасына 127 000 теңгені құрайды (105,4 теңге/литр). Тасымалдау мен сақтауды есепке алғанда, АШТӨ-ге арналған дизельдік отын бағасы жеткізу аймағының қашықтығына байланысты литріне 117-126 теңгені құрайды.

Газ өндіру көлемі 13,2 млрд м3-ті құрап (2016 жылдың ұқсас кезеңіндегімен салыстырғанда 108,5%), тоқсандық жоспардан 4 пайызға артық көрсеткішті көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасынан газ экспорты 4,1 млрд м3-ті немесе 2016 жылдың ұқсас кезеңінен 26%-ға жоғары көрсеткішті құрады.

Электр энергиясын өндіру І тоқсанда 27,1 млрд кВт/сағатты құрады, бұл 2016 жылғы сәйкес кезеңнен 10,3 пайызға жоғары.

Барлық жаңалықтар