Алматы облысында шағын бизнестің 50%-ын фермерлік шаруашылық құрайды

20 Желтоқсан, 2013 09:59
Алматы облысында фермерлік шаруашылық пен щаруа қожалықтары өңірдегі шағын бизнестің 50%-ын құрайды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Негізінен кіші шаруашылықтың көп бөлігі шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылыққа тиесілі. Олардың үлесі 47,9 пайыз болса, жеке кәсіпкерлер шағын бизнестің 48,5 пайызын құрайды», - делінген хабарламада.

Шағын кәсіпкерлік субъектілері өнімінің көлемі 2013 жылдың қаңтар айында 511 млрд теңгені құрады. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіштің 472 млрд теңге болғаны белгілі.

Сонымен қатар, шағын кәсіпкерліктің салалық құрылымында өнеркәсіптің үлесі 19,6%, құрылыс 22,8%, сауда 21,5% құрайды. Ірі кәсіпкерліктер ірі өнеркәсіптік және сауда орындарына бағытталған. Ол өз кезегінде инфрақұрылымды да дамытуға қауқарлы.

Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2013 жылы 90 млн теңгелік 27 грант бөлінген. Солардың 59 пайызы өз кәсіпкерліктерін ауылдық жерлерде дөңгелетіп әкетті.

Хабарламада айтылғандай, жыл басынан бері бағдарлама бойынша 34 жобаның пайыздық өсімі субсидияланып, 2 жоба жекелей гаранттау бойынша қаржыландырылған. Сонымен қатар, индустриялды инфрақұрылымды дамыту бойынша 11 жоба іске асырылды.

Барлық жаңалықтар