• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астаналық хаб – мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе алмасу орталығы (ВИДЕО)

Астаналық хаб – мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе алмасу орталығы (ВИДЕО)

12 Сәуір, 2017 18:23
Астана мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе және білім алмасудың халықаралық орталығына айналды. Бұл туралы Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов «Мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатындағы әріптестік» тақырыбында өткен халықаралық конференциясы барысында мәлім етті.

«Астаналық Хаб елдер арасында мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару салаларындағы ынтымақтастықты қалай ұйымдастыру керектігінің бірегей мысалы. Хабтың мақсаты – осы академия арқылы өз тәжірибемізді басқа елдерде, басқа өңірлерде тарату», - деді Ә. Байменов.

Сондай-ақ, ол хаб ынтымақтастығының жақсы сәттері туралы айтып берді.

«Біз мемлекеттік қызмет саласындағы әріптестікті дамытып жатырмыз. Мемлекеттік қызмет ерекше, әлеуметтік, мәдени, тарихи мәнмәтіндерде дамиды. Сондықтан, үздік халықаралық практика жайында жай ғана айтып қоймай, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылатын практика жайында сөз қозғау қажет. Хабты БҰҰ да, ЭЫДҰ да модельдерді міндеттемей, реформаларды ынталандырып, озық тәжірибені таратуға болатынының мысалы ретінде мойындап отыр», – деп қосты Ә. Байменов.

Ол, сондай-ақ, Қазақстан ЭЫДҰ-мен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізетінін және бұл хабты бірегей ететінін атап өтті.

«Біз ЭЫДҰ-мен бірлесіп, ғылыми зерттеулер, атап айтқанда, Қазақстанда мемлекеттік басқару практикасына зерттеулер жүргіземіз. Осыған орай, өңір елдерінің уәкілетті органдары кәсіби және адамгершілік жағынан жақын бола бастады. Осының барлығы хабтың арқасында. Осылайша, Астана мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе мен білім алмасудың халықаралық орталығына айналды», – деп қорытындылады Ә. Байменов.

Еске сала кетейік, Астанада 40 елден ведомство басшыларының, елшілер мен сарапшылардың басын қосқан «Мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатындағы әріптестік» тақырыбына Мемлекеттік қызмет саласындағы Астаналық өңірлік хабтың халықаралық конференциясы өтуде.

Қайрат Жандыбаев

Видео Арман Мұхатов

Барлық жаңалықтар