• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б.Атамқұлов Мемлекет басшысына «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы баяндады

Б.Атамқұлов Мемлекет басшысына «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы баяндады

12 Сәуір, 2017 15:32
Елбасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан Президентіне министрліктің қазіргі қызметі, қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және ақпараттық қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ саланы одан әрі дамыту жоспарлары жөнінде баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің алдына қойылған қорғаныс өнеркәсібі деңгейін көтеру және оны технологиялық тұрғыдан жаңғырту міндеттерінің сапалы іске асырылуына қатысты мәселелерге назар аударды.

Б.Атамқұлов Мемлекет басшысына қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастырудың қазіргі алгоритмін жетілдіру үдерісі, сондай-ақ «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Елбасыға биыл Астана қаласындағы бірегей кәсіпорын – ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізу кешені құрылысының аяқталатынын хабарлады. Қазақстандық мамандар спутник жасау барысында жобалаудан құрастыруға және сынақ өткізуге дейінгі жұмыстардың бәріне қатысатын болады.

Қазақстан Президенті кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.

 

 

Барлық жаңалықтар