- Басты
- Жаңалықтар
- Елбасы «Туған жер» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
Елбасы «Туған жер» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Бұл бағдарламаның ауқымы кеңейіп «Туған елге» ұласуы тиіс.
«Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой.Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.
«Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады», - деді Елбасы.
Сондай-ақ, Елбасы Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні туралы айтып өтті.
«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек.
«Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар», - деді Н.Назарбаев.
Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек, деді Елбасы.
«Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтырудан басталатынын айтты.
«Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз», - деді өз мақаласында Н.Назарбаев.
-
Тұңғыш президент күні: Елбасының 10 басты шешімі -
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді -
ITEC: Оқу бағдарламасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері -
Шетелдік сарапшы: “Елбасы мен ел президентінің съезді өткізудегі еңбегін жоғары бағалаймын” -
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 451 мыңнан астам адам қатысты -
«Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы -
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 397 мыңнан астам адам қатысты -
IT-стартаптарды қаржыландыруға арналған "Seed money" бағдарламасының шарттары -
Медицина қызметкерлерi күнi: Сала үздіктері Елбасы кiтапханасында бас қосты -
ХҚА сессиясы: тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, Елбасыға алғыс, жаңа Төраға -
«Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру мерзімі мен жаңа талаптар -
«Нұрлы жер»: 163 мың отбасы баспаналы болмақ -
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 158 мыңға жуық адам қатысты -
Қазақстандықтар Елбасы медалімен марапатталды -
30 жыл: Елордада «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өтті