Қазақстан: ғарышқа жол (ШОЛУ)

12 Сәуір, 2017 10:23
Ғарыш барша адамзатты алаңдататын құпиялардың бірі болған және болып қалады да. Оның беймәлім терең қиырлары әлемнің барлық ұрпақтарының зерттеушілерін үнемі тартып тұрады. Жұлдызға толы аспан өзінің сұлулығымен арбайды, ал жұлдыздар болса, саяхатшылар үшін ежелден бері сенімді жолсерік болған. Сондықтан, Ғарышкерлер күні халық арасында аса танымал әрі сүйікті мейрам екені таң қалдырмайды. Ғарышты игеру жолының қалай басталғаны және Қазақстандық ғарыш саласын қандай перспективалар күтіп тұрғаны жайында Қазақстанның Аэроғарыш Комитетімен бірлесіп Strategy2050.kz АА тілшісі дайындаған шолудан оқыңыз.

Қазақстан тұрғындары үшін бұл жай ғана мейрам емес, ғарышқа апарар жол біздің қасиетті жеріміз Байқоңырдан басталғанын біз ерекше мақтанышпен айтамыз.

Ғарыш – жаңа материалдар жасалып, бүкіл әлем зерттелетін бірегей табиғи зертхана. Ғарыш – адамзаттың болашақта таралу аренасы да, сонау болашақта біз өз Әлемімізді құра алатын материал. Ғарышты игеру тарихы – адам санасы Галактиканың бағынбайтын материясынан үстемдігінің ең ашық мысалы. 

Ғарышты техникалық зерттеу алдында астрономия дамып, ХХ ғасырдың басында ірі және салыстырмалы түрде тиімді зымырандар жасалған еді. Ғарышты игеру қырғи-қабақ соғыс кезінде КСРО мен АҚШ арасындағы бақталастық бағыттарының бірі болатын. 1957 жылғы 4 қазанда Кеңес Одағы ұшырған Спутник-1 Жердің бірінші жасанды серігінің ұшырылуын ғарышты игеру дәуірінің басы деп санауға болады. 

ПС-1 әзірлеген конструктор Сергей Королев болатын, ол нобель сыйлығына лайықты. Алайда, КСРО-да барлығы ортақ болғандықтан, жетістіктер бір адамға ғана берілмейтін. Сондықтан, ЖЖС КСРО-ның барша халқының жетістігі болып саналды. Тағы бір айта кететін жайт, ПС-1 көшірмесін 21 ғасырдың басында Ebay аукционынан да алуға болатын еді.

1961 жылғы 12 сәуірде Мәскеу уақытымен сағат 9:07-де Байқоңыр ғарыш алаңының №1 алаңынан «Шығыс-1» ғарыш кемесімен әлемдегі ең бірінші ғарышкер Юрий Гагарин тұңғыш рет ғарышқа көтерілген еді. Жерді бір айналып өтіп және 41 мың км жол жүріп өтіп, Гагарин Саратовтың маңайына қонады, осылайша, ол өз атын дүниежүзілік тарихқа енгізе отырып, ұзақ жылдар бойы планетамыздың ең әйгілі, құрметті әрі сүйікті адамына айналды. Содан бері 12 сәуірде біз Ғарышкерлер күнін атап келеміз. Бұл күнді атап өтуді КСРО екінші ұшқыш-ғарышкері Герман Титов ұсынған болатын.

Кейін 1969 жылы Халықаралық авиация федерациясы 12 сәуір күнін Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні деп белгіледі. Ал 2011 жылы бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасы бойынша Халықаралық ғарышқа ұшу күні болып та белгіленді.

Алғашқылар күні

Қазақстан – ғарышты игерудің бастапқы алаңы. Оның аумағында әлемдегі ең ірі және бүгінде ең талап етілетін «Байқоңыр» ғарыш алаңы орналасқан. Ғарыш алаңының ресми туған күні 1955 жылғы 2 маусым болып саналады. 

«Байқоңыр» атауы Юрий Гагариннің ұшуынан кейін 1961 жылы ғана ашық баспада пайда болады.

1959 жылғы 12 қыркүйекте Жердің бірінші жасанды серігінен басқа Айға ғарыш аппараты ұшырылған еді, ол «Луна-2» деп аталатын. Сол жылдың 14 қыркүйегінде планетааралық автоматты станция айға қонады. 

Сондай-ақ, 1960 жылғы 19 тамызда «Спутник-5» ғарыш аппараты да ұшырылады. Оның бортындағы Белка және Стрелка атты иттер тұңғыш рет ғарышқа аттанып, жерге аман-есен оралады. 

Гагариннен кейін ғарышты игеру тарихындағы айрықша кезеңдер бірінен соң бірі орын ала бастады. Солардың бірі бірінші әйел-ғарышкер Валентина Терешкованың ғарышқа ұшуы (1963 жылғы 16 маусым). Ол 2 тәулік өткен соң Жерге аман-есен оралады. Бұл ғарышқа әйел ұшқан дүниежүзілік ғарыш тарихындағы бірден-бір оқиға.

Алғашқы көп орынды ғарыш кемесінің ұшуы да орын алды, Алексей Леонов ашық ғарышқа шыққан тұңғыш адам еді (1965 ж.) — осы ғаламат оқиғалардың барлығы – отандық ғарыш саласының еңбегі. Биылғы жылдың 6 сәуірінде отандасымыз, режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Алғашқылар дәуірі» атты туындысы прокатқа шықты, онда ашық ғарышқа алғаш рет шыққан әскери ұшқыштар жайында баяндалады. 

 

1991 жылғы 2 қазанда ғарышқа «Союз ТМ-13» ғарыш кемесі көтеріледі. Қазақстан үшін бұл ерекше күн еді, себебі кеме бортында тарихымыздағы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров бар еді. Оның орбитада ғарышкер-зерттеуші ретінде болу ұзақтығы 7 тәуліктен астам уақытқа созылады. 

Кейін 1994 жылғы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі ұшырылады, оның бортында тарихымыздағы екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев болатын. Айта кету керек, ол ғарышқа 3 рет ұшқан болатын және оның ғарышта болуының жалпы ұзақтығы – 341 тәуліктен астам. 

Алғашқы Қазақстан азаматы ғарышқа 2015 жылғы 2 қыркүйекте «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен ұшқан. Оның бортында Айдын Айымбетов болатын. Ғарышқа көтерілу уақытында ол ғарышта радиацияның адамға әсерін зерттеу бойынша бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ, ол Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына ғарыш мониторингін жүргізеді. Бұдан бөлек, ұшу аясында ол «Дастархан-6» экспериментін жасайды, оның мәні салмақсыздық күйіндегі адам ағзасына қазақ ұлттық тағамдарының әсерін зерттеу болатын. 

 

 

Қазақстандық ғарыш саласы бүгінгі таңда

 

«Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің жан-жақты ғарыш саласын құру Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғыртудың стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындалған.

2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығында өз орнын кеңейтуі тиіс. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама аясында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Ғарыш объектілерін және жер үсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін қамтитын еліміздің ғарыш инфрақұрылымы құрылып, ұйымдастырылды. Ғарыш саласын дамытудың барлық стратегиялық бағыттары бойынша кәсіпорындар ашылды. Ғарыш саласы кәсіпорындарының ғылыми және инженерлік құрамының білікті кадрлық ядросы қалыптастырылып, ғарыш техникасының арнайы құрылымдық-технологиялық бюросы жинақталды. Шет елдер мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында ғарыш техникасы мен технологиялары бойынша мамандарды даярлау ұйымдастырылды. 

«Kazsat-2», «Kazsat -3» екі байланыс спутнигінен және «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» Жерді қашықтықтан зондтаудың екі спутнигінен екі орбиталық топтама жасалып, іске қосылған және пайдалануға енгізілген, олар елдің белгіленген спутниктік байланыс каналдары мен ЖҚЗ деректеріндегі қажеттіліктерін, елдің ақпараттық қауіпсіздігін, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер импортының төмендеуін қамтамасыз етеді. 

Қазғарыштың ең күрделі жобасы – заманауи технологиялық жабдықпен жарақтандырылатын ғарыш аппараттарының құрама-сынақ кешенін жасау. Объектіні салу кезінде Қазақстанның құрылыс саласында сирек кездесетін ең озық технологиялар қолданылады.

Ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін Қазғарыш жетістіктерінің бірі деп атауға болады. Салмағы 120 кг болатын технологиялық спутникті «Ғалам» БК қазақстандық мамандары әзірлеген. Оны іске қосу 2018 жылға жоспарланған. 

Қазғарыш бюджеттен тыс инвестициялар шеңберінде Ұлттық ғарыш орталығы құрылысының 2-кезегіне кірісті. Ол қоса салынған үй-жайлары мен паркингі бар тұрғын үй кешенін, балабақшаны, сауда-ойын-сауық кешенін, қонақ үйді, спорт-сауықтыру кешенін, ғарышкерлер мұражайын қамтиды.

Әлемдегі белгілі ғалымдар, профессорлар мен академиктер жұмыс істейтін үш ғылыми институтты біріктіретін Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы жұмыс істейді. Орталық астрофизика, Жердің ионосферасы және ЖҚЗ саласындағы ғылыми зерттеулердің дәстүрлі бағыттарын одан әрі дамытумен қатар, ғарыштық техника мен технологиялардың отандық үлгілерін әзірлеу жаңа бағыты бойынша сәтті қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізеді.

«Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы да сәтті жұмыс істеп келеді. Орталық «Байқоңыр» ғарыш алаңынан зымыран-тасығыштардың іске қосылуына экологиялық мониторинг жүргізіп, олардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсерін зерттейді.

Алматы, Байқоңыр және Жезқазған қалаларында стационарлық зертханалар, сондай-ақ зымыран-тасығыштардан бөлінетін бөліктер құлайтын аудандарда жұмыс істеу үшін жылжымалы зертханалар ашылған.

«Байқоңыр» ғарыш алаңында экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салуға бағытталған жұмыстар жалғасуда, бұл - Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы және Қазақстан үшін стратегиялық маңызды.

Ғарыш саласындағы жетекші алыптармен, соның ішінде Ресей, Украина, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Израиль, Нидерланд, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, БАӘ, Сауд Арабиясы және Иранмен ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастық орнатылған. 

Ғарыштық техниканың отандық үлгілерін жасау бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жұмыстар орындалды. Қазіргі уақытта спутниктік навигация үшін сараланған станциялар салу бойынша тәжірибелік-құрылымдық жұмыстар аяқталды, Қазақстан Республикасының жоғары дәлді спутниктік навигация жүйесі құрамында 50 дана көлемінде сараланған станциялардың тәжірибелі партиясы әзірленді. Борттық мобильді терминалдардың 10 тәжірибелі үлгісі дайындалып, ААШШ жүйесі үшін диспетчерлік орталықтың эксперименттік үлгісі әзірленді. 

Адамзат жаңа ғарыш дәуіріне аяқ басты және оған дағдыланып алғаны соншалықты, тіпті бүгінде ғарышқа ұшу үйреншікті және бай туристерге қолжетімді бола бастады.

Дүниежүзілік ғарышкерлер күні тұңғыш рет ғарышқа ұшу оқиғасына қатысы бар барша адамдарға, ғарыш саласының барлық қызметкерлеріне, астрономдарға, зерттеушілер мен ғалымдарға арналады. Осы адамдардың барлығы бізді таңғажайып құпия – ұшы-қиыры жоқ ғарышқа тағы да жақындата түседі. 

 

Қайрат Жандыбаев

Сурет ашық дереккөздерден

Барлық жаңалықтар