• Басты
  • Н.Әлімжанов: Елбасының рөлін сомдау мен үшін үлкен мәртебе
26 Наурыз, 2017 09:37

Н.Әлімжанов: Елбасының рөлін сомдау мен үшін үлкен мәртебе

Н.Әлімжанов: Елбасының рөлін сомдау мен үшін үлкен мәртебе | Strategy2050.kz

Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанов  1984 жылы Ақмола облысы  Кеңащы  елді мекенінде дүниеге келген.

Актер, әнші, сазгер, жүргізуші, «Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Жас тұлпар» сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің туған күні  29 сәуір.

Актер 1984 жылы Көкшетау өңіріндегі «Кеңащы» елді мекенінде дүниеге келген. 2001-2005 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алады. 2003-2009 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері болып қызмет атқарған.  Нұрлан Әлімжанның ең алғашқы түскен фильмі – «Шолпанның күнәсі» деп (Әзімбай рөлі) аталады.

 Мұнан басқа «Бақсы», «Ән мен анаша», «Ағайындылар», «Ақсарбас», «Теміртау көктемі», «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Көшбасшы» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. 60-қа жуық әннің авторы. Нұрлан Әлімжан – Қытай киносына қазақтан түскен тұңғыш актер. Ғабдолла, Нұрмұхаммед, Томирис атты ұл-қыздары бар.  

Айтқандай, Нұрлан Әлімжанов «Елбасы жолы»  фильмінде ҚР Президенті Нрсұлтан Назарбаевтың жастық шағын сомдаған болатын.

«Менің балалық шағымның аспаны мен үшін өте ыстық. Өйткені менің де тәтті балалық шағым өтті. Мен негізі ауылда тұрған азаматпын, балалық шағымның көбі дерлік ауылда өтті. 8-сыныпқа дейін ауылда оқыдым. Ол мынау Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданы, Кеңащы деген ауыл. Сол жерде тудым, өстім, ер жеттім. Мектеп кезінде үш ай демалысым нағашылар жағы Алматы облысы Жаркент жері – Жоңғар Алатауының бөктерінде өтетін. Бала кезімде ат мініп, көкпар тартатынбыз, ұлулар жинайтынбыз. Нағашы ата-әжемнің сірнесін, құрт-қаймағын жеп, қымызын ішіп дегендей, сондай бір тәтті кездер болатын. Көкшетауда да балалық шағым қызықты өтті. Ол жақтың да табиғаты өзінше әдемі ғой. Малды өріске шығару, кешкісін малды қайтарып алып келу, қой кезекте атаммен, әкеммен қой бағатынбыз. Мал жайғап, жем-суын беріп дегендей. Ол кезде қиыншылық заман еді ғой, жарық жоқ. Май шаммен отырып, әкеміздің неше түрлі аңыз-әңгімелерін тыңдайтынбыз. Бәрі есімде... Менің балалық шағым осындай әдемі болды», - дейді актер.

Актер өзінің өнер жолында тұлға болып қалыптасуына  отбасында алған тәрбиесі зор әсер етті  дейді.

«Әке-шешемнің достары, ақын-жазушылар, зиялы адамдар үйге қонаққа көп келетін. Сол кісілердің айтқан ұлағатты әңгімелерін естіп өстім. Әке балаға сыншы дейді, әкем де өнер адамы. Сол кісінің жақсы тәрбиелерін алып өстім. Үшінші, бұл осы кезде менің «актер Нұрлан» болып сахнада жарқырап жүруімнің, жақсы киноларға түсуімнің бірден бір себебі, әрине, ол менің ұлағатты ұстаздарымның еңбегі. Менің үнемі аузымнан тастамай айтып жүретін ұстазым – марқұм Жайлау Ақшабайұлы Жабағин. Бұл кісінің маған берген қаншама еңбегін мен әлі ұмытпаймын. Ол менің өзінің актер шеберханасына алған адам. Содан кейін әншілік жағынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, бұлбұл дауысты әнші марқұм Амангелді Сембин ағамның орны ерекше. Одан кейін менің өнердегі әкем деп үнемі айтып жүретін ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміров ағамыз, кейін Жанат Хаджиев ағамыз. Осы төрт ұстазымды ерекше атағым келеді. Айта берсек, басқа ұстаздарым да көп. Мұның бәрі қара шаңырақ Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұстаздарынан алған тәлім-тәрбием деп ойлаймын. Аты аталғаны бар, аталмағаны бар маған ұстаздық еткен барлығына шексіз алғыс айтқым келеді. Төртіншісіне келетін болсақ, қажырлы, қайратты өзімнің еңбекқорлығым деп ойлаймын. Бойымдағы өзім бағалайтын қасиетім бұл – тынымсыз еңбекқорлығым. Өйткені, орыстар айтады ғой, «за красивые глазки» деп, әдемі көзіңмен алысқа бара алмайсың. Тек жан-тәніңмен беріліп, үлкен еңбек еткенде ғана оның үлкен жеміс берері анық», - деді Н.Әлімжанов.

«Балалық шағымның аспаны»  фильміне қалай келгендігі  актер үшін үлкен белестің бірі, мансабының басындағы шарықтау шегі екенін де айтып өтті.

«Бұл – менің өмірімдегі үлкен тарихи сәт, тарихи белес. Мен үшін қуанышты кезеңдер. Бұл фильм ешқандай аға-көке демей, ешқандай тамыр-таныссыз, барлығы әділетті түрде өтті. Мені Ш.Айманов атындағы киностудияға фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев ағамыздың өзі шақырды. Осындай фильм түсірейін деп жатырмыз. Журналдың мұқабасынан, міне, сенің суретіңді көріп отырмын. Елбасы мен сенің араңда бір ұқсастықты көріп тұрмын. Маңдайының ашықтығы, жымиыстарыңа дейін, жастық кезі тіпті ұқсайды екен. Өзің ұқсастықты сезінесің бе деді. «Сезінемін» – дедім. Ол кісі тек сыртқы пішінге қарап қана емес, сенің жан-дүниеңді, артылар жауапкершілікті сезіне алуыңды өзінің ішкі сұрақтарымен әңгімеміз арқылы өрбітіп, өзіне керек жауаптарын тапқан сияқты. Кейінірек «Нұрлан, фото сынақ болады. Көрейік. Өту-өтпеуің белгісіз. Біз өттің деп айта алмаймыз» дегендей сенімсіздікпен айтты. Әрине, бірден бәрі бола салмайды. Бірақ, адамда «Ай, осы өтіп кетемін-ау» деген сияқты бір ішкі сенім тұрады.  Бір күні «Нұрлан, сен видео сынақ 99% пайыз өттің, қысқасы бәрінен өттің» деп қолымды алды. Елбасының рөлі саған бұйырып тұр екен деді. «Жақсы, бұл рөлді аманаттап тапсырған екенсіздер, аманаттарыңызды, үміттеріңізді ақтап шығуға уәде беремін» деп келісімге отырдық. Сөйтіп, фильмге «Бисмиллә» деп кірістік. Кеше ғана еді түсіп бастағанымызға, бүгін, міне бес жыл да болып қапты. Рүстем Әбдірашев бастаған фильм барысында жүрген біздің қаншама әріптес актерлерімізге шексіз алғысымды айтамын. Бәріміз тату-тәтті, бір жұдырық боп, бірлікпен осы фильмді түсірдік. Кемедегінің жаны бір дейді, сол кемеде 5 жыл бойы жүздік, әлі жүзіп келе жатырмыз. Бұл эпопея, бұның да жалғасы болады деген үміттеміз», - деді ол.

Президент туралы фильмдер кезінде Елбасының өзі де түсірілім тобына ризашылығын білдірген екен.

«Әр фильм сайын бізбен кездесіп тұрды. Премьерасынан кейін өзінің ризашылығын білдіріп, батасын беріп жатты. Елбасының батасын алған мен үшін үлкен құрмет, үлкен мәртебе. Бұл – қайталанбас сәттер. Тіпті, Елбасының өз қолынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алу мәртебесіне ие болдық», - деді актер.

Сондай-ақ, әнші, актер жас арманшыл жастарға кішігірім кеңесін берді.

«Мектеп жасынан бастап дайындалғаны дұрыс. Не болса соған әуес болмай, ойын жинақтап, ішкі білімін жетілдірген абзал. Тарих, әдебиет пәндерін жақсы оқысын. Үш тілді жетік меңгергені дұрыс. Жанның ізденісінен бөлек, тәннің де дамуы керек. Қазірден бастап спортпен шұғылдансын, атпен шапсын. Өлең оқысын, қазақтың халық әндерін айтсын. Актер «губка» тәрізді болу керек қой, жақсының тек бойына сіңіре берсе екен деймін. Қазір қолдарынан келетіні осы. Жаман нәрселерден аулақ болсын, темекі шекпесін, ішімдік ішпесін. Көшеге шықпадым, клубқа бармадым демесін. Мен өз басым бала кезімде клубқа бармайтынмын да, мені жібермейтін де. «Сабағыңды оқы, балам. Қыдыруға үлгересің. Мұндай музыка, шумның бәрі саған әлі жауыр болады» дейтін. Сондықтан ата-анасын, ұстаздарын тыңдап, өнерін жетілдіре берсін деп тілеймін», - деді Н.Әлімжанов.

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды