Шымкентте 226 гектарға ағаш көшеттері отырғызылады

10 Сәуір, 2017 15:12
Шымкентте «Шатқал» мемлекеттік бағдарламасы аясында саябақ ашылады, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған жоба бойынша құрылған қаладағы 4-ші саябаққа облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, жасыл желек отырғызды. Демалыс аймағының тез арада дамып, халыққа сая сыйлауы маңызды екеніне тоқталған әкім, көлемі 17 гектар болатын демалыс аймағын қарап, оны жасыл желекпен қамтамасыз етуге қолдау білдірген облыстық мәслихаттың депутаттарына алғыс білдірді.

Бұл «Шатқал» бағдарламасы аясында салынатын қала аумағындағы 14 шатқалдың көлемі 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде  ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысатын болады. 

«Дамыту жұмыстарының үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылыс жүргізуі жоспарланып отыр. Бүгінгі мәслихат депутаттары отырғызып жатқан ағаш көшеттері ертеңгі ұрпағымыз үшін саялы мекен болатынына сенемін»,-деді әкім.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта «Шатқал» бағдарламасы аясында  47 шатқал іске асқанда жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда.

Айта кету керек, облыстық мәслихат құрамындағы 3 депутат – Қайрат Балабиев, Рәшкүл Оспанәлиева және Нұралы Әбішевтер жеке жер телімін жеке алып, абаттандырады. Мәселен, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесінің қиысындағы 8 гектар аумаққа 3 мың түп жасыл желек отырғызып, демалыс аймағын ретке келтіру үстінде. Ал Р.Оспанәлиева мен Н.Әбішевтер бірігіп, Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесі қиысының арғы бетіндегі 10 гектар жерді жеке өздері қадағалауға алып отыр.

Барлық жаңалықтар