• Басты
  • Қазақстанның Қарулы Күштерінде кеңауқымды тексеру жүріп жатыр (ФОТО)

Қазақстанның Қарулы Күштерінде кеңауқымды тексеру жүріп жатыр (ФОТО)

7 Сәуір, 2017 11:36
Қазақстанның Қарулы Күштерінде 2017 жылға арналған дайындық жоспарына сәйкес бақылау тексерісі өтуде, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталмыш тексеру қысқы оқыту кезеңінің қорытындысы бойынша бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің деңгейін бағалау үшін барлық әскери бөлімдер мен түрлер, әскер тектері құрамаларында және өңірлік қолбасшылықтарда өткізіледі.

Негізгі мақсаты жеке құрамның машығын, взвод, рота, құрамалар мен бөлімдердің батальондары басқармаларының жауынгерлік даярлығының шынайы деңгейін, бөлімшелердің қойылған жауынгерлік тапсырмаларды қысқа мерзімде орындауға әзірліктерін жан-жақты тексеру, сондай-ақ, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау барысында бөлімшелер мен олардың басқару органдарының жауынгерлік даярлығы мен үйлесімділігі, жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларын орындау деңгейіне баға беру болып табылады.  

ҚР ҚК Бас штабымен арнайы кешенді комиссия құрылды. Аталған комиссия еліміздің барлық өңірлеріне жіберілді.

Бақылау тексерісі екі кезекте өткізіледі. Тексеруге батальондардың (дивизиондардың) барлық басқармалары, взводтар, роталар (батареялар) және жауынгерлік оқ атулар мен тактикалық оқу-жаттығуларды өткізе отырып, штаттық жауынгерлік техникасы бар оларға теңестірілгендер тартылды. Взводтар мен роталар жауынгерлік оқ атулар (ВЖА), роталық тактикалық және жауынгерлік оқ атулары бар арнайы оқу-жаттығулар барысында тексеріледі.  

Тексерілетін пәндердің қатарында оқ ату, тактикалық, арнайы дайындық, ұрыс машиналарын жүргізу, әскери топография, инженерлік, дене және саптық даярлық бар.  Сонымен қатар, комиссия қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлықты басшылыққа алу жөніндегі лауазымды адамдардың жұмысының ұйымдастырылу жүйесін, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін тексереді.

Әрбір әскери қызметшіге жеке дара тәртіпте және бөлімшелер құрамында теория жүзінде ғана емес, сонымен бірге, іс жүзінде емтихан тапсыруға тура келеді. Оқыту пәндері бойынша бақылау сабақтары бөлімдердің ұдайы орналасу пункттерінде және оқу-жаттығу орталықтары мен полигондарда өтуде.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқан бірқатар әскери қызметшілер жақсы жағынан атап өтілді.  Олардың қатарында 10810 әскери бөлімінің танкті батальон командирі подполковник Ербол Әубәкіров. Оның бөлімшесі оқ ату даярлығында үздік нәтижелер көрсетті. Практикалық оқ атуларда 32039 әскери бөлімі 1-мотоатқыш ротасының 2-мотоатқыш взводы мен 91678 әскери бөлімі таулы-егерьлік ротасының командирлері лейтенант Дархан Бекембай мен ұлан капитаны  Жомарт Абдулаев үздіктердің арасынан топ жарды. 

Барлық жаңалықтар