• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда 2019 жылға дейін балаларды 100% мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету жоспарлануда

Қазақстанда 2019 жылға дейін балаларды 100% мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету жоспарлануда

6 Сәуір, 2017 12:02
Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс істеуде. Осы мақсатта 2019 жылға дейін 1631 мектепке дейінгі ұйым ашылса, оның ішінде 970 жеке меншік болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.

Білім және ғылым министрлігі 2019 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды толығымен мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

«Бүгінде елімізде 9410 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істесе, оның 2336 жеке меншік. Оларда барлығы 807,2 мың бүлдіршін тәрбиеленуде. Егер аталмыш мекемелердің қолжетімділігі туралы айтатын болсақ, онда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл мәселе түбегейлі шешілген», – деп атап өтті вице-министр.

Э. Суханбердиеваның мәліметі бойынша, тағы еліміздің 5 өңірінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілген:  Кызылорда облысы 99%, Солтүстік Қазақстан облысы 98%, Ақмола облысы 97,9%, Ақтөбе облысы 95,8% және Қарағанды облысы 94,2% құрады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер ең аз қамтылған аймақтар саны алтыдан төртке дейін төмендеді: Оңтүстік Қазақстан облысы 67,8%, Маңғыстау облысы 78,6%, Астана 70,6%, Алматы 80%, ал Алматы мен Жамбыл облыстары республикалық көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Қолжетімділікті шешу міндеті 2019 жылдың аяғына дейін жоспарланған. Мысалы, есепті кезеңнің өзінде балабақша саны 825 данаға артқан. Бұл мәселе жеке меншік балабақшалар есебінен және салынған 80 балабақша арқылы шешілді. Құрылыс жүргізу үшін қомақты қаржы Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінді», – деп атап өтті ол.

Айта кетерлік жайт, қолжетімділікті қамтамасыз етуде мемлекеттік тапсырысты орналастыру үлкен рөл атқаруда. 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс 471 мың орынды, яғни 103 млрд теңгеден асып жығылды. Нәтижесінде 2010 жылдан бастап есептегенде жекеменшік балабақшалар саны 10 есе артты.

Ақбота Кузекбай

Барлық жаңалықтар