• Басты
  • ОҚО еліміздің төрт облысымен ынтымақтастық меморандумын түзді (ФОТО)

ОҚО еліміздің төрт облысымен ынтымақтастық меморандумын түзді (ФОТО)

6 Сәуір, 2017 10:02
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкентте «Өңіраралық еңбек ұтқырлығын дамытудың бизнес-форумы» өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Форум жұмысын ашқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңір халқының тығыздығына орай, мұнда жыл сайын ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік сынды маңызды салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталды.

Жыл соңына дейін күнгейден теріскейге 400 мың тоннаға жуық бақша, 250 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна жеміс-жидек, 15 мың тонна жүзім жөнелтуге мүмкіндіктің бар екенін, сәйкесінше, ол жақтан бидай, картоп, мал азықтық жем өнімдерді алмастырып, өңіраралық кооперативтер жүйесін қалыптастыру жолдарына мән беру қажеттігін жеткізді.

«Бүгінде Оңтүстіктің бақшалық өнімдері онсыз да мыңдаған шақырымға тасымалданып, Ресейге өткізіліп жатыр. Ал сол көкөністі өсіруді солтүстік өңірлерде жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Сонымен қатар шаруалар солтүстіктен оңтүстікке жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде еліміздегі азық-түлік нарығын реттеуге оңды ықпал ететіндігі сөзсіз», - деді Ж.Түймебаев.

Форумда сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев биылғы жылы 300 отбасыны қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді. Ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен 35 мың гектар егістік жер әзірленіп жатқанына тоқталды. 

Жалпы, елімізде, мемлекет көмегіне жүгінетін жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда кәдеге жарайтын қор ретінде 630 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Жалпы бүгінде шығыс өңірінде бос жұмыс орны 2 мың 105-ке жетіп отыр екен. 
Биыл сондай-ақ Қостанай облысы оңтүстіктен қоныс аударатын 30 отбасыны қабылдауға ниет білдіріп отыр. Ал Павлодар облысы қоныс аударуға ниетті 100 отбасы үшін 473 бос жұмыс орнын ұсынбақ. 

 Өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының қозғалысына ерекше көңіл бөлудеміз. Осы аптада республикамызда алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Қазақстан облысы 4 өңірден жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысудың және осылайша өз мамандығы бойынша таңдау жасаудың тамаша мүмкіндігін жасады. 

Барлық жаңалықтар