• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда 2020 жылға қарай энергия беруші ұйымдар саны 130-ға дейін қысқартылады

Қазақстанда 2020 жылға қарай энергия беруші ұйымдар саны 130-ға дейін қысқартылады

5 Сәуір, 2017 20:59
Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Талқылау барысында электр қуатының бағасын төмендету жайына айрықша көңіл бөлінді.

Бір облыстың ішінде  электр энергиясына деген тариф мәселесін шешкен дұрыс, себебі  электр тарататын  нысандардың саны көп. Қазақстанда 160 энергия тарататын  мекеме жұмыс істейді. Оның  42-сі Қарағанды облысында,  Алматы – 9 ЭТҰ, Қарағанды облысы – 42 ЭТҰ, Ақмола облысы – 10 ЭТҰ, Ақтөбе облысы – 8 ЭТҰ, ШҚО-13 ЭТҰ, Қостанай облысы – 13 ЭТҰ, Маңғыстау облысы – 17 ЭТҰ. Бұл тек бір облыстың ішіндегі әртүрлі тарифке емес, көршілес  көшедегі тарифтердің сан алуандығына әкеледі.

Мәжіліс Спикері заң жобасы Елбасының Ұлт Жоспарының 51-қадамында берген тапсырмасын орындауға бағытталғанын алға тарта келіп, мұнда екі негізгі мәселе бірегей шешімін табуы керектігін атап өтті.

Олар: Энергия тасымалдаушы ұйымдарды ірілендіру және халық үшін электр энергиясының тарифін төмендету.

Мәселенің ашығын әрі турасын айту керек, заң жобасының алғашқы нұсқасында аталған мәселелерді шешудің тиімді тетіктері қаралмаған. Өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру (ӨЭК) бойынша тек 27 компания ғана біріктірілген.

Алайда, Мәжілісте депутаттар құжатты әзірлеушілермен, «Атамекен» өкілдерімен етене байланыс орната отырып, аталған сала ұйымдарын шынайы ірілендіруді және тұрғындар үшін энергия бағасын төмендетуді жүзеге асыратын мүмкіндікті тапты.

Талқылау барысында көңіл аударылған өзекті сұрақтың бірі – иесіз қалған электр желілері.

Оны шешудің басты жолы инвентаризациядан өткізу. Заң аясында жергілікті атқарушы органдар сот арқылы осы иесіз қалған объектілерді өз балансына алып, одан кейін өңірлік желілік компаниялардың балансына бермек.

 Заң жобасы аясында мына міндеттер жүзеге асырылады:

-электр энергиясын беру қызметіне қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін жауаптылық белгілеу,

-ерекше пайдалану шарттары бар электр беру желілерінің күзет аймақтарын белгілеу

 -тұрғын үй кешендерін салушылардың балансындағы электр желілерін мамандандырылған энергия беруші ұйымдарға беру рәсімі мен тәртібін айқындау

- энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге немесе біріктіруге ынталандырудың нысандары мен тетіктерін кеңейтуді көздейтін түзетулер енгізілді.

Осы күні халық қалаулылары тарапынан оң бағасын алған құжаттың бірі зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты. Бүгінгі күні экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту мақсатында инновацияны өндірісте қолдану аса өзекті.

Аталмыш шаралардың барлығы  энергия тарататын ұйымдарды  нығайту мен  қожайыны жоқ электр жүйелерін реттеуге мүмкіндік береді. Алдын ала  есептеу бойынша, 2020 жылы әрекеттегі  160 компанияның  30-ы қысқартылады.  Бұл электр қамтудың  орнықтылығын арттырып,  қауіпсіздік пен  электр энергиясының төлем құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалықтар