Мәдениетті жаңғырту

А.Мұхамедиұлы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысымен туржобаларды дайындау барысын талқылады

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Рамиль Гасановпен кездесті, деп хабарлады ҚР МСМ.
Нұр-Сұлтан 05 Сәуір, 16:29

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастыққа байланысты  мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасып, туризм, мәдениет және спорт саласындағы көптеген сұрақтарды талқылады.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі шеңберінде өткізілетін шараларға тоқталған Рамиль Гасанов соңғы екі жылда туризм саласындағы байланыстардың кеңейгендігін атап өтті.

Оның пікірінше, Ұлы Жібек Жолын тартымды туристік бағытқа айналдыру үшін түркітілдес мемлекеттердің өзара күш-жігері қажет. «Заманауи Ұлы Жібек Жолы» атты Түрік кеңесінің туристік өнімі осы сала ынтымақтастығындағы күн тәртібінің маңызды бөлімі болып табылады. 

Әңгіме барысында, түркітілдес мемлекеттердің мәдениет, тіл мен тарих ортақтығының арқасында, Түрік кеңесі аймақтық өзара байланыстың бірегей үлгісіне айналғандығы атап өтілді. Мысалы, тарих саласындағы нақты нәтиже XV ғасырға дейінгі түркітілдес халықтардың тарихына арналған жалпы түрік тарихы оқулығын әзірлеу болып табылады. Жастар мен спорт тақырыбы да ынтымақтастықтың маңызды саласы болып отыр. Осындай өзара тиімді жұмыс қорытындысы – Қырғызстан Республикасында өткізілген Дүниежүзілік көшпенділер ойыны.  

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Рамиль Гасанов Түрік кеңесі қызметінің қорытындылары мен алдағы жұмыстар туралы айтып өтті.

Министр А.Мұхамедиұлы  атап өткендей, Қазақстан Түрік кеңесінің жан-жақты дамуы мен нығаюына ниетті және қазақстандық тараптың оның қызметіне қажетті көмекті көрсетуге дайын.  Тиісті аймақтық және халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестік қатынасты орнату арқасында Түрік кеңесі  түркітілдес мемлекеттердің тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы Саммитінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы Келісімге қол қойылды.

Аталмыш Келісімнің қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздеген аймақтық еларалық бірлестікті құруға негіз қалады.

Түркі Кеңесінің мүше-мемлекеттері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып табылады. Түркі Кеңесінің Хатшылығы құрылып, оған Кеңестің саммиттері барысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын зерделеу, жоғары деңгейдегі кездесулер мен сарапшылар отырыстарын дайындау және басқа міндеттер жүктелді.

 

 

 

 





Яндекс.Метрика