• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Грекия мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазақстан мен Грекия мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

5 Сәуір, 2017 11:43
Афинада Қазақстан Елшісі Алексей Волков Грек Республикасының Мәдениет және спорт министрі Лидия Кониорду ханыммен кездесуі өтті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Отандық дипломат грек саясаткерін қазақ-грек қатынастарының тарихы мен мемлекетіміздің жетістіктері жөнінде, сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25-жылдығына орай жоспарланған саяси және мәдени іс-шаралар жоспарларымен құлағдар етті.

А. Волков Министрді Қазақстанда грек диаспорасы мен Грекияда көптеп тұратын бұрынғы отандастарымыздың бар екенін назарға ала отырып, екі мемлекет арасында мәдени ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.

Бұл орайда, тараптар 2017-2018 жылдарға  арналған іс-шаралар жоспарына қатысты пікір алмасты. Жоспарланған іс-шаралар арасында еліміздің атақты пианисті, халық әртісі, Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жания Әубәкірованың Афинадағы жеке концертін, Грекияда қазақ кино туындыларын көрсету мен көркем өнер көрмелерін өткізу енгізілген.

Өз тарапынан, министр Қазақстанмен мәдениет саласында мазмұнды байланыстар орнатудың маңыздылығын атап, көзделген іс-шараларға барынша қолғабыс көрсетуге әзірлігін жеткізді.

Баяндалғанмен қатар, кездесу барысында екі жақтың қатысуымен 2002 жылы қол қойылған Білім және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық орнату Келісіміне сәйкес, Ортақ комиссия жұмысын бастау шешімі қабылданды.

Кездесу соңында Елші Грекияның Мәдениет министріне белгілі қазақстандық суретшілер туындыларының көшірмелері мен отанымыздың мәдениетіне қатысты көркем материалдарды табыс етті.

Барлық жаңалықтар