ОҚО-да жыл соңына дейін 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

4 Сәуір, 2017 11:09
Биыл облысымызда 524,5 мың шаршы метрді құрайтын 169 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы Құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов ОҚО әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде мәлімдеді.

Мемлекеттік  «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысын баяндаған  Салыхан Сабырұлы негізгі бес бағытқа тоқталды.

Бірінші бағыт - ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру болса, келесі бағыты - жеке құрылыс салушыларды ынталандыру. Мұнда жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге  несие беру көлемдерін кеңейту арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету негізге алынған.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік баспана  салу  үшінші бағытта көзделген. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін  тұрғын үй құрылысы төртінші бағытта. Ал, бағдарламадағы бесінші бағыты - жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл бағыттың шеңберінде көптеген озық әлемдік  қалалардың үлгісінде бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үйлер салуға басымдық беріледі.     

Сондай-ақ, өткен жылы облыста 242 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп,131 тұрғын үй пайдалануға берілген. Қалған 111 тұрғын үй құрылысы 2017 жылға өтпелі болған. 

Айта кетейік, инфрақұрылым нысандарының құрылысы бойынша Республикалық бюджеттен  7,8 млрд. тенге бөлінді.  Аталған қаржыға облыста 14 нысанның құрылыс жұмыстары  жүргізіледі. Ағымдағы жылы 3 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса 11 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.

Барлық жаңалықтар