Қазақстан мен Түркия бірлескен Сауда-өнеркәсіп палатасын құрады

3 Сәуір, 2017 11:49
Астанада өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер іскерлік кеңесінің 5-отырысында Қазақстан мен Түркия бірлескен Сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы меморандумға қол қойды.

Түркітілдес мемлекеттер іскерлік кеңесінің құрамына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдері кіреді. Кеңес 2009 жылы құрылған. Ағымдағы жылы кеңестің отырысы Қазақстанның бастамасымен Астанада өтіп жатыр. Алқалы жиында түркітілдес мемлекеттер кәсіпкерлерінің өзара қарым-қатынасын нығайту мәселесі қаралды.

«Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын одан ары нығайту керек. Түркиямен тауар айналымы да жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері  бірдей енетін Сауда-өнеркәсіп палатасын құру мәселесі тұр», – деді "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, кеңестің екі кеңсесі болады – Астана мен Стамбұлда. Қос тарап  өз кәсіпкерлеріне одақтас мемлекет туралы көбірек ақпарат беруге тырысатын болады.

«Өз кезегінде алдыңғы қатарда инвестициялық мүмкіншілікетерді арттыру мәселесі тұр, яғни түркиялық кәсіпкерлер Қазақстанға өз қаражатын инвестициялауға үлкен қызығушылық танытуда», - деді ол.

Н. Әлтаев атап өткендей, Түркияның ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында тәжірибесі мол.

«Бізге Ресей Федерациясының, Қытайдың және өзгеде елдердің нарығына шығу үшін түркиялық серіктестермен бірлесіп кәсіпорындар ашу керек. Әлем нарығында бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіру, жаңа кәсіпорындар ашу үшін түркітілдес мемлекеттер арасында кооперацияның болуы аса маңызды», – деп атап өтті ол.

Қазақстан мен Түркияның арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді.

«Осы ретте Қазақстаннан Түркияға экспортталатын тауар артса, импорт көлемі  аз екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Қазақстаннан экспортталатын тауардың басым бөлігі шикізат болып табылады. Сондықтан да біз Түркияға өңделген дайын тауарды жөнелту мәселесін қолға алмақшымыз», – деп түсіндірді басқарма төрағасының орынбасары.

Түркітілдес мемлекеттер  ішінен Өзбекстан елі де аталмыш кеңеске үлкен қызығушылық танытуда және кәсіпкерлер жақын арада өзбек тарапы да Кеңес құрамына енеді деген үмітте.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар