• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ұлыбританиялық компания Ақтау инфрақұрылымының дамуына инвестиция салуға дайын

Ұлыбританиялық компания Ақтау инфрақұрылымының дамуына инвестиция салуға дайын

31 Наурыз, 2017 15:37
Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Global Project Capital Ltd» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа аймақ басшысы Ералы Тоғжанов және компанияның бас директоры Кеннет Фултон қол қойды, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Меморандум Ақтау қаласындағы инфрақұрылымдық және көліктік нысандардың, жол құрылысы саласындағы жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуындағы ынтымақтастықты көздейді.

Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымды – газ, су, электр желілерін, жол және жылу жүйесін жүргізіп беру жұмыстарын міндетіне ала отырып,  800 гектар көлемінде жер учаскелерін жалға береді.

« «Global Project Capital Ltd» компаниясы қаржы ресурстарын бөліп, облыстың әлеуметтік дамуына үлес қосатын болды. Болашақта біздің ынтымақтастығымыз жақсы нәтижелерге жеткізетініне сенімдімін. Бүгінгі таңда біз туристік шағын ауданның құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруды бастап кеттік. Жоспар бойынша жаңа шағын ауданның аумағында медициналық мекеменің, мектептің, ойын-сауық нысандары мен сауда орталықтарының құрылыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің тарапымыздан инфрақұрылымды жүргізуге қатысты барлық жұмыстар жасалады», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі  Ералы Тоғжанов.

Алғашқы кезеңге 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінеді.

Өзара ынтымақтастықтың тиімді болуы үшін және жобаларды сапалы іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құрылатын болады.

Барлық жаңалықтар