• Басты
  • Жаңалықтар
  • СҚО әкімі: Биыл зауыттардың өндiрiс көлемiн кем дегенде екi есеге арттыру керек

СҚО әкімі: Биыл зауыттардың өндiрiс көлемiн кем дегенде екi есеге арттыру керек

31 Наурыз, 2017 15:03
Облыс орталығы бойынша жұмыс сапары кезiнде өңiр басшысы Құмар Ақсақалов қаладағы бiрқатар өнеркәсiп кәсiпорындарында болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен Құмар Iргебайұлы «ЗИКСТО» зауытына барды. Мұнда жүк вагондары мен ашық вагондар, сондай-ақ оған қажетi бөлшектер шығарады.

«Бiздiң цехта 38 адам жұмыс iстейдi, мұнда дөңгелек жұптарын жасайды. Қондырғылар — заманауи, қалыпқа сай. Бiздiң цех айына 560 дөңгелек жұптарын шығарады», — дедi дөңгелек жұптарын құрастыру және жөндеу цехының басшысы Александр Лошкарев.

Келесi нысан — Петропавл трактор зауыты болды. Өткен жылдың жазынан бастап мұнда «К-704-4Р «Батыр» маркалы тракторлар шығарылады. Бұдан басқа кәсiпорында «Степан» пневматикалық егiс кешенiнiң моделi жасалған. Кәсiпорын жоспарында шұбыртпалы тасымалдағышы бар астық тиегiш пен шөп шабатын машина шығару бар.

«Бiздiң облыс егiс науқанының 70 пайызына осындай жаңа мүмкiндiгi зор агрегаттарды пайдаланады. Технологиялар талапқа сай қолданылмаса, астықты да дұрыс ала алмаймыз. Бұл техника барлық технологияларды қолдануға мүмкiндiк бередi. Бiр пайданғанда, бiрнеше жұмысты атқарады, — дедi Құмар Iргебайұлы.

Сондай-ақ, облыс әкiмi зауыты дамыту жоспары жайлы да айтты.

«Жағдайды байқап, «ҚазАгроҚаржы» компаниясынан көмек сұрайтын боламыз. Оны уақыт көрсетедi. Жұмысты жақсы атқару қажет, сатып алушылар наразылықтарын бiлдiрмес үшiн, металл сапалы болуы тиiс. Қазақстанда себу кешендерiн әлi ешкiм жасаған жоқ. Бұл — алғашқы талпыныстар. Мұндай кешендер бiздiң егiстiк алқаптарға арналған. Осы кәсiпорын бойынша бөлек жұмыс жасайтын боламыз», — дедi өңiр басшысы.

«ПАМЖ» зауытында облыс әкiмi Құмар Ақсақалов энергетикалық машинажасу мен қондырғылар цехының жұмысымен танысты.

«Газ шығырлы панелдер МАЭС, ЖЭО-да қолданылады. Екiбастұз МАЭС, «СолҚазЭнерго» үшiн үлкен тапсырыс жасалды. Қазiр Подольскi қаласынан келген тапсырылыс орындалуда, бұған дейiн бiз Темiртаумен жұмыс жасадық. Осыған байланысты өндiрiс көлемiн 1,5 есеге арттырмақпыз. Қосымша мамандарды шақырамыз, өзiмiз осында үйретемiз, сондай-ақ, бiлiм беру мекемелерiнiң қызметтерiн пайдаланамыз», — дедi цех басшысы Александр Ступаченко.

Бұдан басқа кәсiпорын мұнайгаз ұңғымаларын күрделi және жерасты жөндеу үшiн көтергiш қондырғылар, АС-204 бу жабдықтары орнатылған арнайы автомобильдер, цементтейтiн агрегаттар, автоцистерналар, жылу алмастырғыштар, ауамен салқындату аспаптарына секциялар, ребойлерлер, сепараторлар, темiр жол жолдарының жоғарғы құрылғысын жөндеуге арналған жол аспаптарын және басқа өнiмдер шығарумен айналысады. С.М. Киров атындағы зауытта өңiр басшысын өнiмдермен таныстырды. Мұнда мұнай-газ саласы мен темiржол көлiгiне арналған өздiгiнен жұмыс атқаратын аспаптар жиынтығы шығарылады.

С.М. Киров атындағы зауыт жоғары технологиялық 5 сыныпты дәлдiгi бар мөрлiк тақша шығара бастапты. Кәсiпорында бiлiм беру мекемелерiн жеке бағдарламамен қамтамасыз ететiн 3D-принтерлерiн шығару жоспарланған. 3D-принтерлерi үш өлшемдi суреттердi құрастыруға мүмкiндiк бередi.

БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында облыс әкiмi өнеркәсiп кәсiпорындарының қуатын арттыру қажет екендiгiн атап айты.

«Бiз бүгiн қаладағы ең 4 iрi зауыттың жұмысымен танысып шықтық. Жылдың қортындысы бойынша 4 зауыт шығарған өнiмнiң көлемi 16 млрд. теңгенi құрады. Бұл өндiрiс орындары өз мүмкiндiгiнiң тек 27 пайызын ғана пайдаланылып отыр. Сондықтан осы жылдың аяғына дейiн шығаратын өнiмнiң көлемiн кем дегенде екi есеге көтеруiмiз керек. Сол мақсатта бiз бүгiн жұмыстар атқарып жатырмыз. Соған орай бiраз жұмыс iстейтiн боламыз. Дәл осындай тапсырмаларды бiз аудан әкiмдерiне де бердiк», — дедi Құмар Ақсақалов.

Дүйсенбi күнi өткен аппараттық кеңесте аудандық әкiмдерге де тиiстi тапсырмалар берiлген болатын.

Барлық жаңалықтар