«Сәтті қадам» жобасының 19 қатысушысы жұмысқа шақырылды

18 Желтоқсан, 2013 16:40
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында баспасөз конференциясы өтіп, онда «Сәтті қадам» жобасының алғашқы кезеңінің қорытындысы жасалды, деп «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

« «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, жобаның Астана қаласындағы нәтижесі бойынша 19 қатысушы түрлі министрліктер мен ұлттық компанияларға жұмысқа шақырылған», - делінген хабарламада.

«Осы жылдың қыркүйек айында тәуелсіз комиссия жүргізген іріктеудің нәтижесінде жоба аясында 79 адам үш айлық тағылымдамадан өтуге жолдама алған болатын. Бүгінгі күні 15 адам жұмысқа орналасып,  тағы  4-еуі  бос орын туындаған жағдайда жұмысқа кіріспекші», – деп атап өтті баспасөз конференциясында Нұрлан Сыдықов. 

Естеріңізге сала кетсек,  «Сәтті қадам» жобасы биылғы жылдың  шілдесінен бастап жүзеге асырылады. Бұл жобада ЖОО түлектері ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелерде өз күштерін сынауға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, Астана қаласында жобаның қатысушылары «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «KAZNEX», «KEGOC», «ҚТЖ», «КазАгро» ҰБХ», «КазАтомПром», «Казахстан Инжиниринг» акционерлік қоғамдарында, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Көлік және коммуникация, Әділет, Қаржы министрліктерінде тәжірибеден өте алды.

Ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында  жоба  еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істей бастағанын айта кеткен жөн. 

 
 
 

Барлық жаңалықтар