• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Сербия арасындағы транзиттік тасымалдар көлемі ұлғаюда – ҚР ИДМ

Қазақстан мен Сербия арасындағы транзиттік тасымалдар көлемі ұлғаюда – ҚР ИДМ

15 Наурыз, 2017 11:01
2016 жылы Қазақстан мен Сербия Республикасы арасындағы автомобильмен жолаушылар және жүк тасымалдау көлемі 15% өсіп, 5400 тоннаны құраған. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Мәжілісінің пленарлық отырысында « Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасымен таныстыру барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Келісім мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль жолаушылар және жүк тасымалын, сондай-ақ олардың аумағы арқылы транзиттік тасымалдар мен үшінші мемлекеттерге немесе олардан мемлекеттердің бірінде тіркелген автокөлік құралдарымен жүзеге асырылатын тасымалдарды реттейді.   

«Біз үшін Сербия, ең алдымен, транзиттік мемлекет ретінде қызықты. Бізде осы елмен тасымалдау көлемі 5400 тоннаға жуық. Біз Сербия арқылы Оңтүстік Еуропаның барлық елдеріне транзитпен өтеміз», - деп атап өтті министр.

Ж. Қасымбек айтып өткендей, Қазақстан үшін Оңтүстік Еуропа елдеріне рұқсатсыз қолжетімділік алу маңызды.

«Жалпы, соңғы жылдары болып жатқан дағдарысқа қарамастан, автомобиль тасымалдары нарығы жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан Сербия арқылы тасымалдау транзиті де жыл сайын бірнеше есеге өсіп келеді», - деді ол. 

Мемлекеттер арасындағы немесе олардың аумағы бойынша транзитпен жүк тасымалы рұқсатсыз жүзеге асырылады.

Қазақстан 41 елмен осындай Келісім жасағанын атап өткен жөн.

Заң жобасын ҚР Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымында қабылдады.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар