Қазақстан және АҚШ астрофизиктері ынтымақтастықты дамытуда

14 Наурыз, 2017 18:36
Қазақстандық астрофизиктер Калифорния университетімен (АҚШ) ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Қазғарыштың баспасөз қызметі.

Калифорния университеті (АҚШ) Berkeley Space Sciences Laboratory зертханасының жетекші ғылыми қызметкері доктор Брюс Гроссан (Bruce Grossan), Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Джордж Смут тобы Алматы қаласында сапармен келді.

Сапар барысында қонақ «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институтында, Тянь-Шань астрофизикалық обсерваториясында, Ассы-Түрген обсерваториясында болды. Қазақстандық астрофизиктермен ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ заманауи астрономиялық ғылымның негізгі проблемаларын зерттеумен шұғылданатын Қазақстанның жас ғалымдарын халықаралық жоба топтарына тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Талқылау барысында қазақстандық ғалымдар жобаларында қазіргі заманғы инженерлік-техникалық әлеуетті қалыптастырудың өзектілігіне баса назар аударылды. Бүгін астрофизикалық зерттеулер аса күрделі процестік тетіктер мен тіркеуші аспаптар көмегімен жүргізіледі және бұл технологиялық жүйелер білікті ғылыми-техникалық қолдаумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қазақстандық ғылымның өте маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі – заманауи ғылыми біліммен қаруланған, әлемдік ғылыми қауымдастыққа еркін бейімделген және халықаралық ғылыми жобалардағы бірлескен жұмыстарға дайын ғалымдардың жас буынын дайындау және тәрбиелеп шығару.

Қазіргі уақытта әлемнің озық ғылыми орталықтарымен және еліміздің жетекші университеттерімен ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық астрфизиктердің мүмкіндіктері арта түсуде.

Осы салада Назарбаев университетінің NURIS зертханасы (Астана) үлкен қолдау көрсетіп отыр, аталған зертханамен «Berkeley Space Sciences Laboratory» ынтымақтастығы өте жемісті дамып келеді.

 

Барлық жаңалықтар