Парламент

Н.Нығматулин Ұлыбритания елшісімен саяси күн тәртібін талқылады

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кэролин Браунды қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 14 Наурыз, 15:03

Әңгіме аясында тараптар «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық серіктестікті нығайтудағы Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» саяси үндеуін алға тарта отырып, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басымдықтарына тоқталды.

Кездесу кезінде айрықша көңіл аударылған тақырыптың бірі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамшылығымен жүргізіліген билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі.

Елші ханым жаңа бастаманы Қазақстанның тұрақты дамуы жолындағы маңызды қадам деп бағалай келіп, елімізде жүрігізілген конституциялық реформаға байланысты жылы лебізін жеткізді. Мәжіліс Спикері екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жіті көңіл бөле келіп, өткен жылы сыртқы сауда айналымының 1,2 млрд. долларды құрағандығын атап өтті.

«Біз жаңа экономикалық саясат және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін британдық капиталдың қатысуына мүдделіміз,- деді Қазақстанда 860 британдық бизнес компаниялары тіркелгендігін алға тартқан Н. Нығматулин.

Жүздесу барысында Астанада өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі де назардан тыс қалмады. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы британдық павильон қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың ерекше ықыласына ие болатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, тараптар заң шығару жұмысында парламентаралық байланыстарды тереңдетудің маңыздылығына көңіл бөліп, тәжірибе алмасудың түрлі жолдарын атап өтті.
 

 





Яндекс.Метрика