Қарағандылық аграршыларға жеңілдікпен 19 мың тонна отын бөлінді

14 Наурыз, 2017 20:19
Қарағандылық аграршыларға жеңілдікпен 19 мың тонна отын бөлінді, деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Юржан Беккожин аппарат отырысында.

Қарағанды облысында мамырдың 15-імен 30-ы аралығында егін салу науқаны өтеді.

«Өсімдік шаруашылығы саласындағы бағдарламалық көрсеткіштері мен диверсификация жоспары бойынша облыста ауыл шаруашылық дақылдары егілетін жердің ауданы 2017 жылы 1101,6 мың га құрауы тиіс. Жаздық егіс ауданы 822,5 мың га жерге егіледі, соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары – 748,2 мың га, майлы дақылдар – 14,3 мың га, азықтық – 43 мың га», - деді баяндамашы.

Биыл 14 мың га жерде картоп, ауданы 3,1 га жерде көкөніс өсіріледі. Бұқар жырау ауданында егіс аумағы ұлғайтылады. 

Биыл ноқат көбірек отырғызылады. Бұл дақыл облыста бірнеше шаруа қошалығында өңделе бастады.

Егін егу науқанына 20 мыңға жуық ауыл шаруашылық техникасы, оның ішінде 162 егін салу кешені, 10 мыңнан аса трактор және 5800 тұқым сепкіш тартылады.

«Көктемгі далалық жұмыстарға Павлодар зауытынан жеңілдікпен 19 мың тонна дизельдік отын бөлінеді. Бағасы - тоннасына 127.000 теңге. Операторды анықтаған соң жеткізе бастаймыз», - деді Юржан Беккожин.

Оның айтуынша, биыл тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелері өзгерді. 

«Ауыл шаруашылық дақылдардың бірегей және таңдаулы тұқымдарының барлығы субсидиялауға жатады. Тек арпа, майлы дақылдар, картоп, біржылдық және көпжылдық шөптердің бірінші репродукциядағы тұқымдары ғана субсидияланады. Субсидиялардың нормативтері мемлекеттік реестрге енгізілген сорттар үшін тұқымның толық құнының 70%, мемлекеттік реестрге енгізілмеген сорттар үшін тұқымның жалпы құнының 30% құрайды», - деді басқарма басшысы.

Өсімдік шаруашылығына инновацияларды енгізу үшін облыстың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері ғылыммен одақтасты. Бұған отандық ғалымдар ғана үлес қосып отырған жоқ. 

«2016 жылы ауыл шаруашылық басқармасы П.П. Лукьяненко атындағы Краснодар ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтымен қыстық бидайдың сорттарын сынау және тұқым шаруашылығында ынтымақтастық орнату жөніндегі келісім жасасты», - деді Юржан Беккожин.

Айба ауданындағы «Шанс» тұқым шаруашылығы қыстық бидайдың жеті сортын өңдеумен айналысады.

2017 жылы өңірде ауыл шаруашылықты қолдау үшін 2,3 млрд. теңгеден аса субсидия қарастырылған. Бұл өткен жылғы деңгейден 361 млн. теңгеге артық. Мемлекет тұқым шаруашылығын дамытуды, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың, сонымен қатар, су жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялайды.
 

Барлық жаңалықтар