Мәслихат депутаттығына кандидат ретінде 188 адам тіркелді

13 Наурыз, 2017 19:26
ҚР Орталық сайлау комиссиясында мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау науқанының шеңберінде кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы брифинг болды.

Брифинг барысында ҚР ОСК мүшесі М.А. Сәрсембаев депутаттыққа кандидаттарды тіркеу процесінің аяқталуы және олардың үгіт науқанын жүргізуі туралы айтты.

Республиканың сайлау өтетін 58 сайлау округінде босаған депутаттық мандаттарға барлығы 201 үміткер ұсынылды.

Осылайша, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауда бос бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік 3-тен аса үміткерді құрайды.

«Тіркелген кандидаттардың ішінде 144-і (76,6 %) ер адамдар, 44-і (23,4 %) – әйелдер.62-сі Қазақстан Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері, 69-ы – партия қатарында жоқтар, 57-сі өзінің партияға тиесілігін көрсетпеген», - деді ол.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың орташа жасы  - 40 жас.77,1 %-ның жоғары, 18,1 %-ның арнайы орта және 4,8 %-ның орта білімі бар.

54,8  % мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың және кәсіпорындардың қызметкерлері болып табылады, 35,1 %-ы коммерциялық құрылымдарда жұмыспен қамтылған, 4,8 %-ы саяси партиялар мен ҮЕҰ-да жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта тіркелген кандидаттардың сайлауалды үгіт науқаны жүріп жатыр.

Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауалды үгітті жүргізу үшін барлық кандидаттарға тең жағдайларға кепiлдiк беріледi. Атап айтқанда, мемлекет кандидаттарға телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына кепілдік береді.

Барлық жаңалықтар