Сенатта алаяқтық үшін жауапкершілік белгілеуді талқылады

10 Наурыз, 2017 12:34
Парламент Сенатында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастыруымен «Экономикалық қылмыстар және заң: ырықтандыру шектері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Комитет төрағасы Серік Ақылбай дөңгелек үстелді аша келіп, бұл басқосу жедел-іздестіру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жиын барысында алаяқтық, жалған кәсіпкерлік, салықтан жалтару, экономикалық контрабанда және басқа да мәселелерді реттейтін Қылмыстық кодекстің баптарын қарастыру керек деп ойлаймыз», - деді сенатор.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қылмыстық кодекстегі экономикалық бағыттағы қылмыстарды жасағаны үшін берілетін жазаларды реттейтін бірқатар баптардың тиімділігін тексеру қажеттігі туғанын айтты.

Мәселен, Қылмыстық кодекстегі 190-шы баптағы «Алаяқтықпен» қатар қылмыстық заңда алаяқтықтың мейлінше кең таралған және қоғамға қауіпті түрлеріне жауапкершілік белгілейтін жекелеген құрамдарды қарастыру қажет.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, ондай түрлерге: таныстар немесе туыстардың өтініштері бойынша рәсімделетін, азаматтардың жалған құжаттары пайдаланылған немесе сеніміне ие болу арқылы несие алуға байланысты алаяқтық; интернет-алаяқтық, оның ішінде қосалқы құралдар, ұялы телефондар және басқа да тауарлардың интернет саудасы; жалған компаниялардың түрлі акцияларын өткізу туралы СМС-хабарлама жіберу арқылы болатын алаяқтық және басқалар жатады.

Шараға Парламент депутаттары, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша кәсіпкерлер құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленіп, олар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Барлық жаңалықтар