Қазақстанның ЕО елдерімен тауар айналымы 2016 жылы 24 млрд долларды құрады

9 Наурыз, 2017 11:51
Қазақстан Республикасының Еуропалық одақпен сауда-экономикалық байланыстары жоғары деңгейінде сақталуда. Өткен жылы Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл туралы ҚР-ның Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Алмаз Хамзаев ҚР СІМ-де өткен брифингте хабарлады.

Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Оның үлесі қазақстандық сыртқы сауда айналымының 50%-ын және еліміздің экономикасына тартылған шетелдік капиталдың жартысынан астамын құрайды.   

«Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 2016 жылы 24,1 млрд АҚШ долларын құрады. Соның ішінде эскпорт – 18,4 млрд долларды, импорт 5,7 млрд долларды құрайды, бұл Қазақстанның 48,3 млрд доллар көлеміндегі жалпы сыртқы сауда көлемінің 50%-ына сәйкес келеді», - деді елші.

Алмаз Хамзаев атап өткендей, ЕО-ға қазақстандық экспорттың едәуір бөлігін шикізат ресурстары құрайды.  Осы кезеңде еуропалық нарықтарда талап етілетін жоғары технологиялық өнім өндірісінің дамуын қамтамасыз ету қажет.   

Басты мәселелердің бірі Еуропалық инвестициялық банкпен белсенді ынтымақтастықты жалғастыру болып табылады.

Айта кету керек, біздің республикамыз Еуропалық инвестициялық банкпен ҚР Үкіметі мен ЕИБ арасында Негіздемелік келісім жасалған 2010 жылдан бері ынтымақтастық жасап келеді.

Ақбота Күзекбай    

Барлық жаңалықтар