Мәжіліс Үкімет құрамын қалыптастыруға қатысады - Өтемісов

4 Наурыз, 2017 12:07
Мәжіліс Үкімет құрамын қалыптастыруға қатысады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

«Ең алдымен, реформа заң шығарушы органды күшейтуді көздейтіні туралы сөз қозғалады. Жалпы, өздеріңіз түсінетіндей, Парламент тұлғасындағы атқарушы органның есеп беруі дамыған, өркениетті елдердегі демократияның даму қағидаларына сәйкес келеді. Нақтырақ айтатын болсақ, Парламент Мәжілісінің Үкімет құрамын қалыптастыруға қатысуы туралы сөз қозғалып отыр. Яғни, Премьер-Министр министрлердің кандидатураларын ел Президентінің бекітуіне ұсынбас бұрын, Мәжіліспен консультациялар өткізеді», – деді Ш. Өтемісов.

Сондай-ақ, депутат тағы бір маңызды сәтті атап өтті – ол Министрлер кабинетінің мүшелеріне сенім білдірмеу рәсімін оңайлату.

«Егер осы нормалар заңды күшіне енсе, Министрлер кабинетінің мүшесі есеп берген кезде Мәжіліс баға береді. Баға қанағаттанарлықсыз болған жағдайда палаталардың әрқайсысы осы министрді атқаратын лауазымынан босату үшін Президентке жүгіне алады. Президент ұсынылатын нормаларға сәйкес, мұндай өтінішті қолдайды», – деді депутат.

Спикердің пікірінше, тағы бір маңызды сәт – Мәжіліс рөлін күшейту, яғни егер бұрын Үкімет Президент алдында өкілеттіктерін тапсырған болса, енді Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс алдында өз өкілеттіктерін тапсыратын болады.

«Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтетін осындай мәселелер тобы аталған реформа аясында енгізіледі, осы ретте Парламенттің жауапкершілігі де, сондай-ақ Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі де артады, ал Парламент – халықтың өкілді органы, демек, оның халық алдындағы жауапкершілігі де артады. Осының барлығы қоғамымыздағы демократияның дамуына, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігінің артуына ықпал ететін болады», – деп қосты Ш. Өтемісов.

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар