Кооперация – ауыл болашағы

3 Наурыз, 2017 17:39

Биылғы Жолдауында Елбасы ауылшаруашылығы саласына да көп көңіл бөліп, ауыл-аймақтардағы шағын шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперациялар құруды тапсырған болатын. Қазір, салалық министрлік осы бағытта бірқатар шаруалар атқарып жатыр. Кооперация деген не? Оның шаруаға қандай пайдасы бар? Ауылшаруашылығы министрлігі Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Лесбекұлы жаңашылдықтың тиімділігі туралы айтып берді.

-Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылшаруашылығы кешенін экономиканың драйверіне айналдыру туралы айтты. Ал бұл саланы жетілдіру тетіктерінің бірі ретінде ұсақ қожалықтардың басын қосып, кооперациялар құру керек деді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да кооперативтер құрылып, кейін олардың бәрі жеке жеке шаруашылықтарға айналып кеткені есімізде. Енді бұл жолғы кооперациялардың сол кооперативтерден айырмашылығы не? Ұқсастықтары бар ма? 

 - Өткен жылы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыз ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын түзу, оның мақсат-мұратын айқындау және жүзеге асыру ауыл шаруашылығы министрлігіне, Үкіметтің алдына тапсырма қойған болатын. Сол кезден бастап бұл бағдарламаның тұжырымдамасы жасалды. Бізге қазір осы салада қандай қажеттіліктің бар-жоғы сараланып, өткен бағдарламалар қоса зерделенді. Олардың кемшін және озық тұстарын ала отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жылдық бағдарламаны жасап шығарды. Биыл 14 ақпанында Елбасы 5 жылдық бағдарламаны  жүзеге асыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бағдарламаның 8 бағыты бар. Осы бағыттар ішіндегі ең ілгерісі де, Елбасының биылғы жолдауында айтып өткендей 500 мың жеке шаруа-қожалықтардың басын қосып, кооперацияға біріктіру міндетін қойды. Осы міндет – қазіргі жаңа бағдарламаның ең өзекті тұсы. Осыны насихаттау әрі түсіндіру барысында бізге көптеген сұрақтар қойылды: кооперция дегеніміз не, бұл тағы ұжымдастырып, қайтадан біріктендіріп тастау емес пе, біздің мал-мүлкіміз ортақ болып кетпейді ме, ортақ қолда басқарылып, бір адамға бағынышты болмай ма деген талай сұрақтар болды. Біз осыны егжей-тегжейлі түсіндіріп келе жатырмыз – аталған кооперацияның өзгешелігі бар. Қазір Қазақстанда өндіріліп отырған ауыл шаруашылығы өнімінің 80% -ы жеке адамдардың шарбағында өсіріледі. Яғни, ауылдағы азаматтардың 10 сотықтай жері бар, кейберулерінде 50 сотықтай шарбағы бар, 15-20 тұяқ асырап отыр, кейбіреулері көкөніс өсіріп, бірнеше сиырынан сүт алып отыр дегендей. Бірақ, осы өнімдерінің бірі де өндіріске жетпейді. Содан барып, жыл сайын үлкен зауыттар, ет комбинаттары мен сүт зауыттары шикізатсыз отырады. Кооперация бізге, ең бастысы, сол ауылдардағы ауыл шаруашылығы өнімін шашпай, төкпей, өз бағасына ешқандай делдалсыз ауылдағы азаматтардың маңдай терімен жасаған өнімін өндіріске жеткізу. Осы мақсатта біз 5 жылдың ішінде 500 мың жеке шаруа азаматтарының басын қосып, 1200 кооперативке біріктіруді жоспарлап отырмыз, оның алғышарттары қазір басталып кетті.

-Кооперацияға көшу қалай жүзеге асырылады және қандай жеңілдіктер қарастырылған?

- Ауылда қанша азамат болса, оның сонша шаруасы бар. Әрқайсысының жеке қожалығы болмаса да, жеке қосалқы шаруашылықтары бар. Соның барлығына мемлекеттің жеке-жеке көмектесуі мүмкін емес, оған қаржы да, техника да жетіспейді. Қазақта «Біріксең бір боласын» деген сөз бар, осы қағида бойынша бір ауылға бір кооператив құрылып, оның төңірегінде барлығы біріктіріліп, субсидия, инвест-субсидия, техника беруде қолдау алады. Бұл қалай жүзеге асады? Яғни, бір ауылдан 20 шаруа кооперативке біріктіріледі. Сол кезде ауылдағы сүт өнімдерін қолма-қол сатып алатын біз сүт сақтайтын 2 тонналық танкерлер сатып аламыз. Оның жанынан сүт өнімдерінің тазалығы мен сапасын тексеретін зертханалар ашылады. Тағы да мысалға, ет бағытындағы кооперативтер болса, шағын мал соятын орындарды орнатамыз. Дәл осы принциппен ауылдағы көкөністерді жинап алатын шағын қоймалар орнатылады. Нақтылап айтқанда, ауылдан шығып отырған өнімнің барлығын кооперативке жинап, қалаға жеткізіп отырады. Ал жеке азаматтар кооперативтен өз ақшаларын алып, жұмысты ары қарай жалғастыра береді. Сонда әр кооперативке 1 литрден сүт түсетін болса, мемлекет 1 литр сүтке 10 теңге субсидия береді. Егер, әр кооперативтен мал соятын орынға 1 ірі қара мал сойылатын болса, мемлекет 20 мың теңге, ұсақ малға 1,5 мың теңгеден субсидия береді. Арзандатылған жем-шөптің 1 тоннасына 20 мың теңгеден тағы да субсидия беретін болады. Субсидияға қоса, алып жатқан мал соятын орындар, сүт танкерлері, жем оратын цехтардың 50 %-ын мемлекет инвест-субсидияларын қайтарып береді. Мұндай бағдарлама, жеңілдік пен қолдау бұрын-соңды болмаған, яғни, 50%-ын өзі қайтарып, қалған 50% -на мемлекет субсидия беріп отыр. Сіздің жұмысыңыз – қолдағы малыңызды ұсатып, өсіріп, бағып, өнімін алып келіп, кооперативке өткізу әрі өнімдерін көбейту. Бұған  дейін ауылда тұратын азаматтардың шағын бизнесін ашуға берілетін несиенің түрі 3 млн теңге болатын. Биыл кооператив негізінде сіздің несиеңізді 18 млн-ға дейін кепілдіксіз көбейтті. Ал біздің айтар шартымыз бір ғана – кооперацияға бірігіңіз, яғни алып отырған техникалар ғана кепілдік ретінде болады, есесіне қосымша кепілдік талап етілмейді.

-Кооперацияға көшу қай облыстарда алғаш болып қолға алынады?

- Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен арнайы топ құрылды. Осы топ барлық облыстарды аралап, осы уақытқа дейінгі құрылған коопертиверді жіті тексеріп, қай жерде қандай кооперативтердің бары, оларға қандай құрал-жабдықтар мен техниканың керектігі, жаңа кооперативтерді қай жерде ашу қажеттіктерін зерттеді. Кооперативтердің құрылу сараптамасын да жасады. Биыл ел бойынша 326 кооператив құру жоспарланған. Оның қаржысы да бекітіліп қойғанын айта кету керек. Алғаш болып Қарағанды облысы Нұра ауданында пилоттық жоба ретінде 12 кооператив құрылатын болады. Қазір Ақтөбе облысы да осы жобаға өз қызығушылығын танытып отыр, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған дейін несиелер, мемлекеттен берілетін субсидиялар ірі-ірі зауыттар мен компанияларға барып жатса, қазір көп басымдық ұсақ шаруаларға берілетін болады. Ауылдағы 10 сиыр, 10 жылқы, 5 қой ұстайтын шағын шаруалардың деңгейін көтеру - басты мақсат. Осы уақытта біз субсидияның түрін бөлдік. Жалпы осы салада 54 субсидия болса, оның 11-і тиімсіз деп танылып, 39 субсидияға өзгерістер енгізілді. Ол да – кооперативтерге ыңғайланып жасалған дүние. Биылғы ерекшелігі асылтұқымды ешкілерге де субсидия беріліп жатыр. Содан кейін қазір Шығыс Қазақсанда бал арасын өсіру жақсы қолға алып, Қытай нарығына бал жіберіп жатырмыз. Осыған орай облыста омарташылардың кооперативі құрылуда. Бұл өз кезегінде, тек ет-сүт өнімдеріне ғана емес, сонымен қатар, бал өсіру, көкөніс, жүн өңдеу бағытында да кооператив құруға болады дегенді білдіреді. Сондай-ақ, тауарлы балық шаруашылығы да бағдарламаның ішінде қамтылған. Бүгінгі күнде балық өсіруге, үйрек-қаздар өсіруге субсидия қарастырылып отыр. Бұрын болмаған субсидиялардың бірнеше түрі қосылды. Бұл Елбасы атап өткендей, экономиканың драйверіне айналдыру үшін мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі болып отыр. Бес жылдық бағдарламаның қаражаты 2,2 трлн теңге болатыны айта кеткен жөн. Оның ішінде, биылғы жылы нақты қаралып отырғаны – 359 млрд. теңге. Ендігі кезекте бұл бағдарламаны біз халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дұрыс насихаттай білуіміз керек. Кооперацияға бірігетін болсақ, ауылдың болашағы да болады.  Қысқасын айтқанда, кооперация – ауылдың болашағы!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар